Талдықорған қалалық көп салалы ауруханасында «Алматы облысында медициналық ақпараттық жүйелерді кешенді енгізу» жобасы шеңберінде қатерлі ісік ауруларын ерте диагностикалау жағдаяттық орталығы ашылды, - деп хабарлайды Mezgil.kz ақпарат агенттігі.
Бұл ерекше жоба облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылды. ТМД-да теңдесі жоқ, Қазақстанда алғаш ашылған орталық Алматы облысының 13 медициналық мекемесін бірыңғай медициналық жүйеге біріктіреді. Ол компьютерлік, магниттік-резонанстық томографияны, рентгенографияны, мамографияны қоса алғанда барлық зерттеулерді бір ортаға орталықтандыруға мүмкіндік береді.
Айтулы нысанның ашылу салтанатына ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләзат Ақтаева мен облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев қатысты.
Медицина мамандарының айтуынша, бүгінгі күні өкпе рагы мен сүт безі рагы қатерлі ісіктің кең тараған түрлеріне жатады. Сондықтан бұл қатерлі сырқатты ерте анықтаудың маңызы зор, соның нәтижесінде емді де ерте бастауға мүмкіндік туады. Жаңа жағдаяттық орталық осы бағытта жұмыс істейді.
Жағдаяттық орталық жұмысын таныстыру кезінде «WDSOFT» ЖШС басшысының орынбасары, жобаның жеке серіктесі Ерлан Жәнібеков Орталық Мемлекет басшысы жүктеген 4 негізгі міндетті қатар шеше алатынын атап өтті. Бұл ең алдымен - ауруды ерте кезеңде анықтау, екіншіден, радиолог дәрігер мамандардың жетіспеушілігін шешу, денсаулық сақтау саласын цифрландыру, жасанды интеллектті қолдану арқылы ғылымның озық жетістіктерін пайдалану. Бұл ретте диагностикалауда жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндігі өкпе және сүт безі рактарын ерте кезеңде анықтауды 13%-тен 60%-ке ұлғайтуға ықпал етеді. Адамның көзі 5 мм көлемнен жоғары жаңа өскінді көрсе, жасанды интеллект 1 мм-ден басталған өскінді көре алады.
Кадр жетіспеушілігі мәселесіне келсек, облыста бар білікті мамандар радиологиялық зерттеулерге қашықтан-ақ сапалы сипаттама жасай алады. Тәжірибедегі мамандар үшін бұл алынған қорытындының жеделдігі мен оған деген қолжетімділік ретінде бағаланады. Түрлі бейіндегі ургенттік мамандар қай жерде отырғандарына қарамастан кескінді өз смартфондарынан көріп, шешім қабылдай алады. Бұл белгілі бір емге дайындауға кететін уақытты үнемдеуге ықпал етеді. Сонымен қатар консилиум өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, тәжірибесі мол мамандармен бірлесіп талқылауға жағдай жасайды, осының бәрі дәрігерлердің, әсіресе жедел бағыттағы дәрігерлердің күнделікті жұмысында зор маңызға ие болмақ.
Атап өтсек, жоба шеңберінде құрылған бірыңғай қорғалған ақпараттық жүйе Алакөл, Ескелді, Жамбыл, Сарқан, Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр , Іле аудандық орталық ауруханаларын, Талдықорған қалалық № 1, 2 емханаларды, Талдықорғандағы облыстық онкологиялық диспансерді, облыстық аурухананы біріктіреді. Сондай-ақ барлық мәліметтер Талдықорғанда жағдаяттық орталық базасында мұрағатталады.
Облыстағы жоғарыда атап өткен 13 медициналық ұйым дәл осындай құралдармен цифрландырылған, оларда жоғары жылдамдықты қорғалған жеке ВПН-канал жүргізілген, сол арқылы кескіндер жіберіледі, локальды жүйе жаңартылды, бұзылуға төтеп беретін теңдессіз серверлік құрылғы, қажетті бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесі (Акгюн радиологиялық ақпараттық жүйесі, кескіндерді өңдеу және мұрағаттаудың PACS Акгюн жүйесі, сүт безі рагын машиналық анықтау жүйесі (x-Eye Mammo), өкпе рагын машиналық анықтау жүйесі (x-Eye Toraks), көрілім және т.б. сапасын жақсарту үшін сарапшылық сыныпта 27 цифрлық медициналық монитор және басқа да құрылғылар орнатылды. Рентгенолог дәрігерлер мен лаборанттардың жұмыс стансасы жабдықталып, аталған мамандар оқытылды. Жағдаяттық орталық жапон онкологиялық институтының зерттеу базасында түркиялық және қазақстандық мамандармен бірлесіп ұйымдастырылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жүзеге асырылған жобаның құны 2 млрд. 7 млн. теңгеден астам қаржыны құрайды.