Елімізде жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған, баспанаға зәру тұрғындардың қарасы көбейсе де жаңа үйге қол жеткізгендердің қатары сол күйі азаймаған. Оған сандар куә. Бүгінде 3 млн-ға жуық қазақстандықтың баспана мәселесі шешімін таппай келеді. Содан болса керек, ерлі-зайыптылар түрлі айла-тәсілдерге көшіп отыр. Соның бірі ажырасу. Яғни заң жүзінде некелерін бұзып, кейін толық емес жанұя ретінде пәтер кезегіне қайта тұрады. Ондайда сәйкесінше, мүмкіндіктері де артады. Бұл қаншалықты заңды? Мұндай жолмен үй алғандар кім? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.
Бас ауруым-баспанам. Бүгінде әр отбасының өзекті мәселесі бұл. Жылдар бойы пәтер кезегінде тұрып, әбден көңілі қалғандары да баршылық. Десе де араларында үмітін үзбей, тіпті түрлі айла-тәсілге барып, үйді қулықпен алам деушілер де көбейіпті. Оны мамандар да растап отыр.
«Тәжірибе көрсеткендей, кейбір ҚР азаматтары мүліктік ниетте некелерін жалған бұзуға барып жатады. Бұл әсіресе, көрсеткішке қарайтын болсақ, шенеуніктердің арасында. Себебі осыған дейін бұрын тұрып жатқан пәтерін сақтап қалады, сонымен қатар құқықтық тұрғыда пәтерсіздер категориясына жатады. Бұл осы азаматтарға жаңадан пәтер алуға мүмкіндік береді» - дейді заңгер Ахметжан Бейсембек.
Осылайша, тек шенеуніктер ғана емес, қарапайым халық та үйлі болудың оңай жолына көшкен. Мәселен, бізден аты-жөнін айтпауды өтінген елордалық көпбалалы ана айлығы шайлығына жетпеген соң 10 жыл бірге тұрған күйеуімен ажырасып, көп ойланбастан осындай қадамға баруға бел буғанын айтты.
“Бұл бағдарлама туралы бірнеше жыл бұрын естігенбіз. Және өзіміздің достарымыздың арасында сөйтіп алған семьялар болды. Сондықтан былай тарттық ақшамыз жетпейді, былай ипотека қиын болып кеткеннен кейін жолдасым екеуміз мұндай қадамға бардық. Екеуміз ажырастық. Бір жағынан да қиын болды. Ата енеміз не ойлайды, туған-тумаластар не ойлайды деп жүріп, бірақ жолдасымыз екеуміз мұндай қадамға баруды шештік" – дейді қала тұрғыны.
Баспана үшін ажырасып, қайта некелескендердің нақты саны белгісіз. Десе де, мамандар мұндай жайттың бар екенін жасырмайды.
“Елімізде соңғы бес жылда 700 мыңнан астам неке қиылып, 200 мыңнан астам неке бұзылды. Оның ішінде 2018 жылы 138 мыңнан астам неке тіркеліп, 54 мыңнан астам неке бұзылған. Ажырасулардың ең көп тіркелген аймағы ол Алматы қаласы мен Алматы облыстарында» - дейді ҚР Әділет министрлігі тіркеу және заң қызметі ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы.
Сандарға сенсек, бүгінде 3 млн-ға жуық қазақстандық баспанаға жарымай жүр. Бұл тек ресми статистика. Десе де өтіріктің арты бір тұтам,- дейді мамандар. Өйткені бұған дейін де, осыған ұқсас жағдайлар әшкереленіпті.
«2018 жылғы дерекке келсек, 2018 жыл бойынша 3 мыңға жуық адам кезекке тұрды. Оның ішінде 1500-ға жуық адам әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың ішінде ең көп үлес алатын толық емес отбасы санаты бойынша 600 адам. 1-2 топтағы мүгедектер бойынша 250-ге жуық адам біздің кезекке тұрды» - дейді қала бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармас ыбөлімінің басшысы Жандос Дәулетов.
Қалай десек те жаңа үйге тек арнайы категориядағы азаматтардың ғана құқығы бар. Оның өзінде қазір заңда бірқатар өзгертулер енгізілмек. Яғни бірнеше санатты тізімнен алып тастау көзделуде. Мәселен, мамандар жақын уақытта толық емес жанұялар баспана кезегіне тұра алмауы мүмкін екенін айтып қалды.