Тәжік-ауған шекарасындағы қырғынға қатысқан бір топ ардагерлердің пайымынша, 28 жылдан бері қолданыста келе жатқан көк байрағымыздың форматы дұрыс емес. Олардың айтуынша, барлық түркітілдес елдердің туында ай бейнеленген. Ал, біз және айырқалпақты ағайындар туында күн тұр. Осыны алып тастап, орнына жарты айды қояйық дейді. Оған қоғамның пікірі қандай? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.
Күні кеше мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстан атауын «Қазақ Республикасы» етіп өзгертуді ұсынған болатын. Ізін суытпай Тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысқан ардагерлер кеңесі көк туымызды да өзгерту жөнінде бастама көтерді. Запастағы подполковник Мұрат Мұхамеджановтың айтуынша, байрағымызды өзгерту арқылы түркітілдес елдерге тағы бір табан жақындай түсеміз.
«Біздің одақ бір ауыздан еліміздің туын өзгертейік деген ұсыныс жасады. Қазіргі байрақтағы, күннің орнына түркі елдеріне ұқсас жарты айды және үш жұлдыз қою қажет. Ондағы шоқжұлдыз қазақтың үш жүзін білдіреді. Барлық ру-тап өкілдері ауызбіршілікте бір шаңырақ астында деген мағынада. Жарты айға келсек, ол мұсылман әлемінде оразаның басталғанын білдіреді. Бастама қолдау табады деген ойдамыз» - дейді тәжік-ауған шекарасында қақтығысқа қатысқан ардагерлер одағының төрағасы Мұрат Мұхамеджанов.
Қоғамдық ұйым өкілдерінің ұсынысына тарихшылар да қарсы емес. Олардың айтуынша, жарты ай бейнеленген байрақ ертеректе Осман империясында және Алтын Ордада болған. Сондықтан, тарихи тұрғыдан айдың бейнесі қазаққа жақын. Біздің жағдайға келсек көк туды өзгерту жайын бүкіл халық болып шешуіміз қажет, - дейді.
«Біріншіден елімізідң әрбір азаматы өзінің ой-пікірін білдіре алады. Алайда, мемлекеттік рәміздердің қандай болатыны, оның түсі сипаты Парламент деңгейінде, референдумда нақтыланады. Бұл дегеніміз, бүкіл халықтың таңдауы бір жерден шығуы қажет. Яғни, белгілі бір мемлекеттік емес ұйымның өкілдері отырып, туды өзгертейік, деуі дұрыс емес» - дейді ҚР Тұңғыш Президенті қорының сарапшысы Жақсылық Сәбитов.
Ал, бұл бастаманы естігенде халық қалаулыларының төбесінен жай түскендей болып, таңданысын жасыра алмады. Жалпы, әлем сахнасында қазақ пен көк байрақ қатар жүреді, талай халықаралық ұйымдардың алдында желбіреп тұр. Тіпті, біздің көк байрағымыздың дизайны әлемдегі үздік туындылар қатарына жатады, дейді.
«Жалпы, рәміздерді ауыстыру деген ол оңай шаруа емес. Конституцияда бекітілген мәселе. Мен ойлаймын ол артық. Туымыз өте әдемі. Сәйкес келеді өзіміздің мемлекетімізге, халқымызға. Ондай өзгерістерге мен өз басым қарсымын» - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Құсайынов.
Жалпы, қазір бүкіл әлем танитын байрағымыз 1992 жылдың 4 маусымында қабылданып, ресми бекітілген. "Күн астында қалықтаған бүркіті" бар туымыздың авторы танымал суретші, Қазақстанның өнер саласында еңбек сіңірген қайраткері Шәкен Ниязбеков. Бейбітшілік пен келісімнің символы іспетті көк туымыз 28 жылдан бері қолданыста.
«Кеше ғана басқа да әріптестеріміз айтты Қазақ Республикасы деген сияқты. Бұл әңгіменің барлығы көптен бері айтылып келе жатқан әңгіме. Дегенмен қазіргі таңда қалыптасқан тәуелсіздігімізді 28 жыл бұрын алған елміз. Біздің туымызды, көк байрағымызды бүкіл ел біледі.Біз зайырлы ел екенімізді ұмытпауымыз керек. Конституциялық деңгейді бекітілген нәрсе. Сондықтан оған ешқандай өзгерістің қажеттілігі жоқ» - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен.
Туды өзгерту жайында бастама көтерген одақ өкілдері хат жазып, оны Елбасының қарауына жіберіпті. Ал, көк туымызды ауыстыру қаншалықты дұрыс екенін алдағы уақыт көрсетеді.