Табиғатты қорғаушылар браконьерлер мен полицейлер арасындағы тығыз байланыс бар екенін айтты. Бұл жөнінде Zakon.kz порталы хабарлайды.
Қоғам өкілдері, ІІМ, прокуратура және Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында браконьерлер мен полицейлер арасындағы тығыз байланыс мәселесі көтерілді. Жиында кесілген киік мүйіздерін жаппай жою бойынша акция жайлы айтылды. Алайда, аталған акцияға қолдау білдірген батыс қазақстандық ұйымдастырушыларды тосынсый күтіп тұрған.
«Комиссия құрып, бірнеше қылмыстық іс бойынша жиналған 411 мүйізді есептедік. Міне, өткен жылдың 15 қазанында мұндай мүйіздердің жаппай көзін жою бойынша бірінші шараны өткіздік. Алайда, шараға 2 сағат уақыт қалғанда біз онда 411 мүйіз емес, небәрі 148 мүйіз бар екенін білдік. Қалған 268 мүйіздің қайда кеткені туралы полицейлер де, басқа орган өкілдері де мардымды жауап бере алмады», - дейді киікті сақтап қалу бойынша жобаның үйлестірушісі Ренат Есқазыұлы.
Табиғатты қорғаушылар соңғы уақытта киік мүйізін сатып алу бойынша 19 сайт жабылғанын айтты. Ал олардың ең танымалдарында кілт сөз бойынша бұғат тұрғанын айтады. Бірақ, бұл бүгінгі күні жоғалу қаупі төніп тұрған жануарларды қорғау мақсатында қабылданған барлық шара емес.
«Бүгінгі күні киік мүйізі мен тасбақа иісіне үйретілген 16 із кесуші ит дайындалды. Бұл иттер кеден қызметі және шекара қызметінің жұмысына енгізіліп отыр және киік мүйіздері мен басқа да жануарларды заңсыз сату фактілерін анықтау бойынша жұмылдырылуда», - дейді Қазақстанның биотүрлілікті сақтау қауымдастығының атқарушы директоры Вера Воронова.