Алматы облысында көп балалы және аз қамтылған отбасыларына көмек көрсетудің Жол карасы әзіленуде

ED2_9808.jpg

Алматы облысының әкімдігі көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларының мұқтаждығы бойынша Жол картасын әзірлеп, тиісті көмек көрсету шараларын ұйымдастырмақ. Бұл туралы бүгін Алматы облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Амандық Баталов Талдықорғанда өткен партия филиалының кезектен тыс XXV конференциясында айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Облыс әкімінің айтуынша, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына көмек ретінде «7-20-25» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз 1 миллион несие беру, Талдықорған қаласы жанында салынып жатқан жаңа коттедж қалашығынан үй бөлу, көп балалы отбасыларына арнап көпқабатты екі тұрғын үй салу жоспарланып отыр. «Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арнап облыс әкімінің оқу грантының санын тағы да 100-ге арттырамыз. Осы санаттағы отбасылардың тұрғын үйлерін газға қосу бағасын инвесторлар есебінен төмендетуді қолға алып, жеке тұрын үйлерге тегін газ датчиктерін орнату үшін қаржы қарастыратын боламыз», - деді А. Баталов өз сөзінде. 

ED2_9955.jpg

Сол сияқты аудан, қала әкімдеріне өз өңірлерінде көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларының өкілдерін қабылдап, қандай мұқтажы бар екенін нақты анықтауды тапсырғанын айтты. «Сол мәліметтер бойынша нақты Жол картасын әзірлейміз. Сонда облыстағы көмекті қажет ететін отбасылардың ауқымы және оларға қандай қолдау қажеттігі туралы толық ақпаратқа ие боламыз. Және негізгі жұмысты сол Жол картасын басшылыққа алып атқарамыз. Мәселен, бүгінге дейін Балқаш ауданының әкімі 60-тан астам отбасы мүшесін қабылдап үлгірсе, Еңбекшіқазақ ауданында әлі күнге 8-ақ адам қабылдаған. Мұндай сылбырлықты қалай түсінуге болады?», - деді А. Баталов. Жергілікті жерлердегі қабылдаулардың қағазда есеп беру үшін емес, нақты оң нәтиже шығару үшін өткізілуін қатаң қадағалайтынын айтты. 

Конференцияға жүз отызға жуық делегат қатысып, «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасын жан-жақты талқылап, ойларын ортаға салды. Жиында Президенттің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының өңірде іске асырылу барысы, Партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасының негізгі ережелері, партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселелер қаралып, «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ Съезіне делегаттар сайланды.



Ұқсас тақырыптар