Алматы қаласы 2019 жылдың 11 наурызы, сағат 18 30 шамасы, әдететегідей қызмет орнынан қайтып келе жатқан Отан қорғаушы Нұрғанат, үйіне жақындап қалғанда «өрт-өрт, өртеніп жатыр» деген шуға қарай бет алды. Көрші екі қабатты жатақхана өртке оранып, әп сәтте тұрғындар сыртқа шығатын есік, түтін аралас отпен тыныстай бастады. Өрт шығу ошағы есікке жақын орналасқандықтан жалындаған тілсіз жау есікпен бірге жатақхана шатырына қарай өрмелеуде. Кешкі уақыт, тұрғындар енді жұмыстан оралып жатса, жатақхана ішіндегілер сыртқа шығып өрт қызметіне жан-жақтан қоңырау шалуда. Апақ-сапақтың кезі, іште біреу-міреу қалғанын ойлайтын шамада емес, тұрғындар бірінші жақындарын, құжаттарын түгендеуде. Бір уақытта шыңғырған жан дауыс шықты. «Екінші қабатта балаларым қалды, құтқарыңдар, өтінем құтқарыңдаршы», деген шырылдаған ана дауысы. Ботадай боздаған ана, әркімге жанұшыра жалынып көмек сұрауда. Ешкім шешініп отқа оранған үйге кіруге дауламайды. Бәзбіреулер ұялы телфондарына видеоға түсіріп әлек болып жүр. Оқиға орнына келген Нұрғанат, сол мезетте ойланбастан шыңғырған әйелден балаларының қай бөлмеде орналасқанын біліп, отқа оранған есіктен ішке енді. Жалындаған отпен, қою түтін тынысын тарылтуда. Жігіттің ішке батылдана кіргеніне қуаттанған ана, Нұрғанаттың артынан бірге еріп, баспалдақпен жоғары көтеріліп, балалары қамалып отырған есікке жетті. Кілт құрғыры осындайда табылар емес, есікті теуіп сындырған Нұрғанат іштен алтымен үш жасар аралығындағы екі баланы бушлатына орап сыртқа алып шықты. Қайта оралуға жалынмен қою түтін мұрша бермеді. Іште ана мен бір жасар қыз баласы қалды. Осы кезде Нұрғанат сырт жақтан екінші қабаттағы жатақхана терезесін таспен сындырып, баламен қалған әйелге, «лақтыр ана қызды маған тосып алам» деп айқайлады. Қолқаны қапқан жалын ойлануға мұрша берер емес. Терезеден қызын лақтырып еді, Нұрғанат бушлатымен оп оңай тосып алды. Ендігі кезек балалардың анасында. Оғанда жиналған халық, «секір төмен өлесіңбе енді» деп айқайлап, ол әйелді де төмен секіртіп жаңағы бушлатпен тосып алды.
Міне осылайша өзінің көзсіз батырлығымен Қорғаныс министрлігіне қарасты Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының келісімшарттағы қатардағы жауынгері Дүйсен Нұрғанат Мұратұлы бүтіндей бір отбасыны ажал тырнағынан арашалап қалды. Сәтін салғанда өрт оқиғасы болған орында ешкім зақым алмады.
Артынша өрт сөндірушілер келіп, тілсіз жауды көрші үйлерге таратпай уақытында өшірді. Оқиға орнына жиналған халық Нұрғанаттың қиын қыстау шақта тез шешім қабылдайтын өр намысты, батыр жігіт екеніне тәнті болды.
Осы ерлігінен хабардар Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қатардағы жауынгер Дүйсен Нұрғанатқа алғыс хатын жіберді. Төтенше жағдайлар комитетімен Жетісу ауданы әкімшілігі де алғысын айтуда.
13 наурыз күні Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы полковник Мұстабеков Асқар Досбосынұлы ерлігімен дүйім жұртқа танымал болған қайсар Нұрғанатқа жеке құрам алдында, Қорғаныс министрінің алғыс хатымен, сыйлығын табыс ете отыра, осындай өнегелі ұл тәрбиелеген әкесі Мұрат Дүйсенұлымен анасы Айгуль Дуйсенғазықызына алғыс хатын жолдады. Алдағы уақытта институт басшылығы тарапынан Қорғаныс басшысына аталған азаматты мемлекттік наградаға ұсыну шешімі қабылдануда.
24 жастағы Дүйсен Нұрғанат Мұратұлы Алматы облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласының тумасы. Жаркент қаласындағы А.В.Лунчарский атындағы орта мектептің түлегі. Дзюдо күресінен спорт шеберлігіне үміткер. Бойдақ.
2014-2015 жылы Астана қаласындағы 0112 әскери бөліміндегі «Айбын» Президенттік полкы, рәсімдік ротасында мерзімдік қызметін абыроймен атқарды.
2017 жылы Алматы қаласы, Ауезов ауданының қорғаныс істер басқармасынан Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқу-жаттығу орталығына жүргізуші-механик маман ретінде келісімшарттық қызметіне шақырылады.
Әкесі Мұхаметжан Мұрат Дүйсенұлы әскери зейнеткер, анасы Мурумбаева Айгуль Дуйсенғазықызы Жаркент қаласындағы А.В.Лунчарский атындағы орта мектебінде, қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі. Інісі Ерасылда әскери қызметте.
Бүгінгі таңда міндетін Әскери Антына сәйкес адал орындап жүрген Нұрғанат, өз бөлімшесінде беделді, достарына сыйлы, сеніп тапсырған әскери техникасымен құрылғыларына ұқыпты, командирі тарапынан өте жауапты қызметкер ретінде бағаланады. Өзінің бүтіндей бір отбасыны өрттен алып қалғанын атақ үшін емес, азаматтық борышым деп түсіндіреді.
Радиоэлектроника және байланыс әскери- инженерлік
институтының баспасөз қызметінің бастығы
запастағы майор Ербол Алибаев
Суретті түсірген автор