Балалар арасында жеңіс кубогы сарапқа салынды

0101.jpg

Алматы қаласында Қарулы Күштердің әскери қызметшілерінің балалары арасында футболдан жарыс өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған ҚР Қарулы Күштерінің түрлері мен тектерінің мүдделерін қорғайтын командалар жеңіс кубогы үшін қызу тартысқа түсті. Іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен командалар жартылай финалға, одан үздік деп танылған 4 команда ақтық сында бақ сынасты.

Доп додасының жеңімпазы ретінде Гвардейск кентінің командасы танылды, 2-орынды Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік әскери институтының футболшылары иеленсе, үштікті «Шығыс» ӨңҚ командасы бекітті.

Футбол ойынынан кейін командалар арасында қазақтың ұлттық ойындары арқан тарту, ләңгі тебуден жарыс өткізілді. 

ҚР Бас штаб бастығының орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласовтың айтуынша, ұлтымыздың құндылықтарын қастерлеуде, бағалауда ұлттық ойындарымызды жаңғыртудың маңызы зор. 

0102.jpg

- Ләңгі тебу арқылы бабаларымыз ептілікке, икемділікке, тепе-теңдікті ұстауға, жеңіске құштарлыққа баулыған. Кейінгі жылдары ұмытыла бастаған ойында ерекше шеберлігімен, икемділігімен Сәрсембаев Таир (РЭжБӘИИ) көзге түсті. Таир футбол ойынында да үздік ойыншы екенін көрсетті. Шексіз ризашылығымды білдіру үшін жеке өзімнің атымнан сыйлығымды ұсынамын, - деді бағалы сыйлығын жас футболшыға тапсырған генерал-майор М.Таласов. 

Еліміздің әр түкпірінен келген әскери қызметшілердің балалары үшін  Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына экскурсия жүргізілді. Әскери институттың әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс қызметімен ұйымдастырылған бұл шара өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, қазақстандық әскер жайлы пайым-түсініктерін арттыруды мақсат етті. Балалар институт мұражайы, курсанттардың оқу орындары, казармасы, асханасы, ату тиріне кіріп, болашақ офицерлердің тыныс-тіршілігімен танысты, әскерилердің өмірі туралы деректі фильм көрсетілді. 

0103.jpg

Шара соңында балалар экскурсиядан алған әсерлерімен, өз ойларымен бөлісіп, болашақта сарбаз болуды армандайтындарын да жеткізді. 

- Әскер өмірі қиын да, қызықты екен, әсіресе, автоматты, пистолетті шашып-жинау, сарбаздардың киім, қару үлгілері, олардың саптық дайындықтарын тамашалау біз үшін қызықты болды. Болашақта осы әскери институтқа оқуға келеміз, - деді экскурсияшы балалар бірауыздан.



РЭжБӘИИ баспасөз қызметі



Ұқсас тақырыптар