Жалпы тәкфир мәселесінде, яғни намазды жалқаулық себепті тастаған адамның үкімі жайында ғалымдар түрлі көзқараста болған. Жалпы ғалымдардың намаздың парыздығын жоққа шығару себепті, тастаған адамның ислам шеңберінен шығатындығына бір ауыздан келіскен. Енді намаз оқымағандарды кәпір санаған адамдардың дәлелдеріне үңілетін болсақ, олар сахих муслимде келген: «Құл мен күпірліктің арасын бөлетін нәрсе намазды тәрк ету»,-деген хадисіне сүйенеді. Онымен қоса, атақты ғалым Ахмаб ибн Ханбалдың бір риуаятына сүйенеді. Ол риуаятта намазды тастаған адамды кәпір деп санаған. Бұл намазды оқымаған адамдарды кәпір деп санайтындардың алға тартар дәлелдері.
Ал, енді намаз оқымаған адамды мұсылман санайтындарға келетін болсақ, олар үш мазһаб иелерімен Ахмад ибн Ханбалдың екінші риуаяты. Жоғарыдағы сахих муслимде келген хадистың түсіндірмесінде атақты ғалым имам Науауи: «Ғұламалар бұл мәселеде түрлі көзқараста болды. Имам Мәлик, имам Шәфиғи, сәләф, хәләф ғалымдарының басым көпшілігі намазды жалқаулықпен тастаған адамды «кәпір» деп есептемей, керісінше «пасық» деп есептеген. Олар тек намаз тастаған адамды тәубе етіп, намаз бастауға шақырған, намаз бастамаса өлім жазасына кескен. Ал Әбу Ханифа және Куфаның ғалымдары сонымен қатар шафиғи мазһабының көпшілік ғалымдары намаз оқымаған адамды кәпір деп есептемеген, және оған өлім жазасын бермеген, керісінше тірі калдырып, түрмеге қамаумен шектелген. Сонымен қатар: «Кім Ләә иләәһә иллалла деп айтса жәннатқа кіреді», «Кім Алладан басқа құдай жоқ екенін біліп өлетін болса жәннәтқа кіреді», «Алла тағала Ләә иләәһә иллалла деген адамға тозақты арам етті»,- деген хадистерін бұлтартпас дәлел ретінде сүйенген. Ал, «Құл мен күпірліктің арасын бөлетін нәрсе намазды тәрк ету», - деген хадистің түсіндірмесі, ол тек кәпірге лайықты болған өлім жазасы дегенді білдіреді. Бірақ мұсылман болып қала береді дегенді меңзейді»,-деп айтқан. Ханбали мазһабының атақты ғұламалары ибн Қудама, ибн Батта: «Бізге дейін намазды тастағаны үшін өлім жазасы беріліпті, кәпірлердің мазарына жерленіпті деген хабар жеткен жоқ. Сол үшін бұл мәселеде намаз оқымаған адамды мұсылман санаймыз. Бұл Ахмад ибн Ханбалдың екі пікірінің бірі және бұл пікірі біріншісінен күштірек»,-деп айтқан. Олардың дәлелі: «Алла тағала құлдарына бес уақыт намазды жазған. Кімде-кім қиямет күні Аллаға сол намаздармен келетін болса жәннәтқа кіргізеді деген Алланың уәдесі бар, ал кімде-кім ол намаздармен келмесе, оған Алла тағаланың жәннәтқа кіргізеді деген уәдесі жоқ, қаласа азаптайды, қаласа жәннәтқа кіргізеді»,-деген хадисіне сүйенген.
Яғни, егер намаз оқымаған адам кәпір болған болса, Алла тағала оған қаласа кешіремін деп айтпас еді деп есептеген. Бұл мәселеде дәлелдер өте көп. Ақылды адамға бұл дәлелдердің өзі де тайға таңба басқандай екені ақиқат.Діннің негізінен аз да болса хабары бар адамға басым көпшілікпен жүруі айтпасада міндет екені мәлім. Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының: «Ақылды адамға- иман парыз, иманды адамға -ғибадат парыз»,-деген сөзін негізге ала отырып, әрбір иманды адам құлшылық мәселесінде немқұрайлылық танытпағаны абзал.
ШҚО Дін мәселелерін зерттеу
орталығының теологы,
Дауылбаев Қанат Қалиоллаұлы