Вирус белгісі білінбейтін науқастарды қалай емдейді?

14.jpg

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров ауру белгісі білінбейтін науқастарға қандай шара қолданылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның айтуынша, вирус жұқтырғандардың 70%-да ауру белгілері білінбейді екен.

Елімізде науқастарды емдеудің арнайы қаулысы қабылданған. Вирус жұқтырғандарды емдеудің нақты белгісі әлі қарастырылмаған, әр жерде әрқалай ем жүргізуде. Онымен қазір әлем ғалымдары жұмыс істеп жатыр. Сондықтан вирустың белгісі білінбейтін науқастарға қатысты ешқандай ем қолданылып жатқан жоқпыз. Олар дәрігерлердің ерекше бақылауында, - деді ол.

Сонымен қатар, ол вирус жұқтырған дәрігерлерге төленетін өтемақы жайлы айтып өтті.

Қазір дәрігерлер үстемеақыны ай сайын алып келеді. Ал коронавирус жұқтырған қызметкерлерге берілетін өтемақы жайлы айтсақ, ол бойынша арнайы комиссия құрылған. Қазір олар тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр, соның нәтижесінде кімге берілетінін белгілі болады, - деді Камалжан Надыров.

Сөз арасында ол қала тұрғындарына вирустың таралуы әлі сейілмегенін хабарлап, қауіпсіздік шараларын ұстану қажеттігін айтты.

Қалада карантин шаралары жеңілдетіліп, бизнес қайта жұмыс істей бастады. Дегенмен, қауіпсіздік шараларын да ұмытпаған жөн. Біріншіден, маска киіп, қолды үнемі антисептикпен сүртіп отыру керек. Одан бөлек, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау қажет. Бұл қарапайым нормалар, алайда ол қаламызда коронавирус инфекциясының таралу қатерін анағұрлым төмендетуге көмектеседі. Қазір вирустың тез тарауына байланысты кейбір облыс шектеу шараларын күшейтіп жатыр, бізде де сондай жағдай болмас үшін сақтық шараларын ұстанғанымыз дұрыс, - деді ол.



Ұқсас тақырыптар