Білім және ғылым министрі ҚазҰУ-дың инновациялық көрмесін тамашалады

2.jpg

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жұмыс сапарымен келіп, білім ордасының қызметімен және жас ғалымдардың жетістіктеріне арналған ІТ-стартаптар мен инновациялық жобалар көрмесімен танысты.

Министр назарына механика-математика, химия және химиялық технологиялар, биология және биотехнологиялар факультеттерінің ғылыми зерттеулері, техникалық жетістіктер мен тың экспозициялары ұсынылды.

Мәселен, механика-математика факультетінің жас ғалымдары CubeSat – 10х10х10 см стандартына сәйкес құрастырған «AlfaSat» нано технологиялық жер серігін мектептер мен университеттер пайдалана алады. Жастарды топпен жұмыс істеу, өзін-өзі басқару сияқты интелектуалды дамуға баулиды. 25-30 км биіктікке дейінгі стратосфералық ауа қабатына ұшыруға болады. Бұл ұшақтардың 10 шақырымдық самғау шегімен салыстырар болсақ, айтарлықтай жоғары. Салмағы бір келіден аспайтын нанотехнологиялық жер серігі газбен толтырылған шарға байлап ұшырылады. Шар межеге жеткенше құрылғы арнайы бағдарлама бойынша жермен байланыс жасап, қажетті ақпараттарды жіберіп отырады. Мысалы, Алматы қаласы ауасының сапасын, ауа қысымын анықтайды. Жер кадастрларын зерттеушілер бұл шарға арнайы бейнебақылау орнатып ұшыруына да болады. Жұмыс қағидалары да қарапайым, мысалы шар 30 шақырымдық биіктікте жарылады да бейнекамерасы бар жасанды серік жерге үлкен жылдамдықпен құлайды, белгіленген биіктікте парашют ашылып камера іске қосылады. Қонғаннан кейін сол жердің координатасын өзі қосылған смартфонға жібереді. Жер серігін дайындаушылар белгі беруші өзектен басқа құрылғының барлық бөлшектерін өздері жасайды. Оны жинауға қажетті құрама бөлшектерді 50 доллардан шетелден сатып алмай-ақ, өз елімізде өндірсек деген жоспарлар бар.

ҚазҰУ Химия және химиялық технологиялар факультеті сутегінен қуат өндіру мөлшерін арттыру бағытында табысты зерттеулер жүргізуде. Табиғи отынның бұл түрін өндіру өткен ғасырдың 85-жылдарынан бастау алған. Сутегі жанған кезде, ауаға зиянды заттарды мұнай мен көмірге қарағанда аз бөледі. Сондай-ақ, ол табиғаттың сарқылмайтын қорларынан алынып, қалдықтары қайта өңдеуге жарайды. Қазір факультет зертханасында күн энергиясын сутегіге айналдыру мөлшерін ұлғайтатын жаңа технологиялар сынақтан өтуде. Бұл тәжірибеде күн энергиясын алмастырушы шамдар қолданылады. Егер бұл тәжірибеден нәтиже шықса, болашақта Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде сутегін өңдіру қолға алынады. Күнделікті пайдаланып үйренген, жанармай сияқты оны да сақтауға, қажет мөлшерде құйып алуға болады. Осы жоба бойынша факультеттің ғылыми оқытушысы, PhD докторы Батухан Татықаев жетекшілігімен үш докторант және алты магистрант жұмыс істеуде. Жоба жетекшісі Батухан Татыкаев француз ғалымдарымен бірлесіп осы мәселені әлемдік деңгейде көтеріп отыр. «Табиғат қорларын пайдалану мөлшері жылдан-жылға артып келеді, ал алдағы 70-80 жылда отын мен жанар май қорларының сарқылатыны белгілі. Бұл әлемге экономикалық қиындықтар туғызады және оның арты дүниежүзілік соғысқа айналуы мүмкін», деген жорамалын айтады жас ғалым. Оның мақсаты, әлемдік толық қор сарқылғанға дейін, күн және су қуатынан алынатын таза сутегі мөлшерін ұлғайтататын технологияны жасап шығару.

Физик-ғалымдар қонақтардың назарына Қазақстан нарығына енгізуге дайын бірнеше инновациялық әзірлемелерді ұсынды. Бұл өнімдердің бірі-газ разрядының көлеміне (плазмаға) нанобөлшектерді қосу негізінде жасалған, жоғары қарқынды люминесцентті газ шығаратын шам. Мұндай жоғары қарқындылықтағы энергияны үнемдейтін газ шығаратын лампалардың жекелеген өндіріс желісі үшін өзіндік құны төмен, жоғары жарық шығыны қыздыру лампаларының көрсеткішінен үш есе асады және энергияны тұтыну жеті есеге дейін төмендейді және люминесцентті лампалармен салыстырғанда нанобөлшектерді қосқанда жарық қарқындылығын бір жарым есеге арттырады. Орта және арнаулы білім беру мекемелерінде қолдануға және енгізуге дайын орта мектептер үшін электромагниттік құбылыстарды зерттеуге арналған зертханалық қондырғы болып табылады. Физика курсы бойынша оқу процесінде ақпараттық технологияларды қолданатын инновациялық аппараттық-бағдарламалық кешен пайдалану және тасымалдау кезінде әмбебаптығы мен ыңғайлылығына ие, қуат көзін қажет етпейді.

Covid-19 пандемиясының алдын алу және оның салдарын жою жөніндегі тиімді шешімдерді іздестіру жөніндегі жобалар бөлек таныстырылды. Қазақстандағы COVID-19 бойынша ахуалды болжамды бағалаудың зерттеу нәтижелері көрсетілді, эпидемияның таралуының қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді сценарийінің болжамды модельдері жасалды. ІТ саласында әрбір адамға өз денсаулығына қамқорлық жасауға және қадағалауға көмектесе отырып, медициналық көмекке жүгіну туралы ерте ескерту мақсатында күнделікті жазбалар түрінде COVID-19 симптомдарын қадағалауға көмектесетін TracerCov/Kz мобильді қосымшасы көрсетілді.

Биологтар мен химиктер өсімдік компоненттеріне негізделген өз әзірлемелерін көрсетті. Олардың ішінде ковид вирустық инфекциясының алдын алуға арналған түймедақ пен жусан сығындылары бар антисептиктерді атап өтуге болады. Сондай-ақ, Қазақстанның өсімдік шикізатынан алынған жаңа табиғи қосылыстар негізіндегі вирусқа қарсы қасиеттерге ие ғана емес, адамның гормоналды тепе-теңдікті сақтау, репродуктивті, эндокриндік және жүйке жүйесін реттеу үшін қолданылатын әртүрлі табиғи мульти-қоспалар да бар.

Университет ректоры Ж.Түймебаев жас ғалымдардың қолынан шыққан бұл жобалар мен инновациялық технологиялар қазіргі таңда сынақтан өткен және коммерцияландыруға дайын өнімдер екенін атап өтті.

Өз кезегінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жастардың ғылым кеңістігінде үлкен табыстарға жететініне сенім білдіріп, ел экономикасын көтеретін инновациялық жаңалықтарды көбейту қажеттігін тапсырды.

 



Ұқсас тақырыптар