Ұлы даладан тараған мәдениет

IMG_1147.JPG


2021 жылдың 16 сәуірінде «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Атқа міну мәдениеті  –  дала өркениетінің мұрасы» атты көрменің ашылу рәсімі өтті. Шараға әл-фараби атындағы Қазақ ҰУ, Тарих факультеті, Археология, этнология және музеология кафедрасының доценті – т.ғ.к.      Ғ.Қ. Омаров, аға оқытушы Б.Б. Бесетаев, Ұста Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер музейінің директоры – Д.Д. Шоқпаров, суретші-реставратор Н.Қ. Қадыров, «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының Ғылыми жұмыс және экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі –  С. К. Амировалар  қатысып, көрме тұсауын кесті.

IMG_1145.JPG

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директоры Гүлмира Райылқызы өзінің құттықтау сөзінде қазақ жері ежелден жылқыны қолға үйрету арқылы атқа міну мәдениетін алғаш қалыптастырған халықтың алтын бесігі екенін баса айтып, жабайы жылқыны қолға үйретіп өзінің жан серігіне айналдыра білген алғашқы салт атты халықтар осы арқылы әлемдік өркениетке үлкен үлес қосып, адамзат баласының талай-талай ұлы жаңалықтарының себепшісі болғанын, жылқыны қолға үйрету арқылы көшпенділер адамзат тарихында алғаш рет шұғыл қимылдайтын атты әсер жасақтай біліп, алғаш болып ат әбзелдерін, ат үсті ұрысқа лайықты қару-жарақтарды, ат спорты түрлерін, жылқыдан дайындалатын түрлі тағамдар мен емдік қасиеті бар дәрулерді дайындап, аңыз-ертегілерде ердің жан серігі, айнымас досы, ақылшысы мен бауыры, адамзатқа көктен түскен иәки судан шыққан Жаратқанның шексіз сыйы дәрежесінде көрінсе, салт атты адамдар ежелгі дәуірде отырықшы халықтардың жүрегіне қорқыныш егіп, көптеген мифологиялық кейіпкерлердің пайда болуына себеп болғанын баяндады. Сөз соңында «Есік» қорық-музейімен қатар «Ботай» музей-қорығының, Ұста Дәркембай Шоқпарұлы атындағы ұлттық қолөнер музейінің жәдігерлері көрме экспозициясына қойылуына байланысты әріптестеріне ерекше алғысын білдірді.

IMG_1089.JPG

Өз кезегінде әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық Универстеті, Тарих факультеті, Археология, этнология және музеология кафедрасының доценті т.ғ.к. Омаров Ғани Қалиханұлы да қазақ даласынан археологиялық қазба барысында табылған жылқы сүйектері мен ат әбзелдерінің көрмеде көрініс тауып, жәдігерлердің бір-бірімен ерекше байланысқаны келушілердің назарын ерекше тартатынын айтып, сәттілік тіледі. Сонымен қатар Дәулет Дәркембайұлы мен Сабина Кәрімқызы да көрменің ашылуымен құттықтап, ыстық лебіздерін білдірді.

IMG_1146.JPG

Көрме экспозициясына энеолит дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін жеткен атқа міну мәдениетінен көрініс беретін құнды жәдігерлер қойылған. Қазіргі таңдағы өзекті тақырыптардың бірі болып отырған  атқа мінудің қола дәуірінен бастап кейінгі орта ғасырға дейінгі (б.з. д. III мың. – XVIII ғғ.) мыңжылдықтар бойы дала өркениетінің дамуына оң ықпал еткен ғажайып әлеуметтік жүйе мен мәдениет институтының өзара ықпалдастығын айта келе, көрме экспозициясынан орын алған жәдігерлерді кезең-кезеңімен «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бас қор сақтаушысы – Ермек Аманжолұлы орыс тілінде, аға ғылыми қызыметкер Әсел Жақсылықбайқызы қазақ тілінде таныстырып шықты.  

 

 

 

Ғылыми қызметкер Эльмира Әділбекқызы



Ұқсас тақырыптар