Қазақ – талай-талай ауыр күндерді басынан өткізген, өмірдің ащы дәмін татқан, толарсақтан қан кешіп, темірден жастық жастанған, аштықтан ісініп, суықтан үсіген талайлы тағдыры бар халық. Тарихты білу – әрбір ұлт перзентінің парызы. Оның ішінде еліміз аңсап жеткен тәуелсіздіктің салмағы тым жоғары.
Тәуелсіздік! Қандай терең ұғым?! Бұл сөзді айтқанда жүрегің қуаныш пен шаттыққа толады. Қан мен тер арқылы келген, ат төбеліндей қазаққа Тәңірдің өзі сыйлаған асыл сыйы. Биыл халқымыздың биік бақыты мен баға жетпес қазынасы болған тәуелсіздігіміздің мерейлі мерейтойы. Қастерлі еркіндігімізге – 30 жыл. Осыған орай, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, ұлы мейрам ұлықталмақ. Тәуелсіздік ұғымының тереңіне бойлап, мәнін түсіну, оны қастерлеу – әр адамның борышы.
Өткен күндерді еске алсақ, еліміз 1991 жылы ғасырлар бойы аңсаған бейбіт те еркін өмірге қадам басты. Осы отыз жыл ішінде мемлекетіміз аяғына нық тұрып, қарыштап дамып келеді. Бүгінде біздер өз ана тілі, салт-дәстүрі, валютасы бар, Конституциясы қалыптасқан, ұлан-ғайыр жері бар, шекарасы бекіген зайырлы мемлекетке айналды. Қазақ деген ұлттың атын шығарар, атағын асқақтатар дарынды жандар әлемдік деңгейде танылып, еліміздің мерейін асқақтатуда. Жалпы, Тәуелсіздіктің отыз жылын онжылдықтарға бөліп, саралауға болады: алғашқы он жылдық Қазақстанның Республика болып қалыптасқан, іргетасы қаланған кезеңі. Екінші онжылдық – еліміздің аяғына нық тұрып, әлем есігін айқара ашып, өзге алып елдермен терезесін теңестіруге қадам жасаған уақыты. Ал, соңғы онжылдық – мемлекеттің гүлденген шағы. Яғни, барлық салада алға қадам басып, шекарасын нақты бекітіп, ұзақ даму процесін өткізген кезеңі. Ойлап қарағанда, аталған үш онжылдықтың жарқын болашаққа бағыт сілтеуде өз мақсат-міндеттері, нәтижелері мен жемістері болды. Түрлі қиындықты басынан кешіріп, талай сынақтан сүрінбей өтіп, түбі жеңіске жеткен Қазақстан бүгінгі күні аяғын нық басып, келешекке зор сеніммен қарайды.
Осы жылдар ішінде біз барынша қуатты, экономикалық жағынан дамыған,саяси тұрақты мемлекет құруда орасан зор прогресске қол жеткіздік. Халықаралық қауымдастық бүгінгі Қазақстанды кеңінен танылған белгілі аймақтық көшбасшы, құрметті, жауапкершілігі жоғары серіктес мемлекет ретінде қабылдайды. Қазақстанның әлемдегі жоғары беделі – бұл біздің тікелей ішкі жетістіктеріміздің, бейбітшілік сүйгіш саясатымыздың және ірі халықаралық жобалардағы бастамашылығымыздың нәтижесі. Құқықтық мемлекет орнатып, әлемнің өркениетті елдерімен жан-жақты экономикалық-саяси тең құқықтық дәрежеде қарым-қатынас қалыптастыру, ірі реформалаларды жүргізу біздің егемендігіміздің арқасында атқарылып жатқан шаралар.
Айта кететін болсақ, ҚазҰУ-нің оқытушылары Педагогикалық Ғылымдар Академиясы ұйымдастыруымен Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы қолдауымен "Қазақстан Республикасы рәміздері... " жобасы аясында оқушылар мен студенттермен кездесулер өткізді.
Осы 30 жыл уақыт ішінде Егемен Қазақстан өзінің заман талабына лайықты мемлекет екендігін дәлелдеді. Біздің түпкі мақсатымыз – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету. Бұл мақсатқа біз асқан табандылықпен ел бірлігін сақтай отырып қана қол жеткізе аламыз. Ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, мерейін үстем ететін үлкен істе болашаққа сәттілік тілеймін.
Осы қастерлі Тәуелсіздікке жету қандай ауыр болса, оны сақтап тұру одан да оңай емес, Тәуелсіздік кейінгі ұрпаққа қалдырылған аманат. Аманаттқа жасалған қиянаттың өтемі жеңіл болмасы хақ. Ол халқымыздың жылдар бойы емес, ғасырлар бойы аңсаған арманы. Жерұйық іздеген Асанқайғылар, «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім», - деп жырлаған Махамбеттер, «Тірі болсам хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Әлихандар армандаған тәуелсіздіктің құны өлшеусіз. Жазушы Шерхан Мұртазаның: « Тәуелсіздіктің жолы – қатты, дәмі – тәтті», - деген қанатты сөзінен ойымның төркінін түсінуге болады. Елдігіміздің нышаны еркіндігімізді қастерлеп, қадірлейік! Еліміздің еңсесі биік, Тәуелсіздігіміздің тұғыры мықты болсын !
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-нің профессоры,
т.ғ.к. Қозыбақова Ф.А.