Қазақстанда координаттардың жаңа жүйесі пайда болады

5400244.jpg


Қазақстанда жаңа QTRS (Qazaqstan Terrestrial Reference System) координаттар жүйесін құруды қамтитын Ұлттық кеңістік деректер инфрақұрылымы (ҰКДИ) жобасы іске асырыла бастады. Координаттардың жаңа жүйесі спутниктік геодезиялық желі құру арқылы геоцентрлік жүйеге көшуді көздейді, деп хабарлайды ҚР Цифрлық даму министрлігінің Геодезия және картография комитеті.

Координаттардың жаңа цифрлық жүйесіне ауысу жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында геодезия, картографиялау және жаңа технологияларды енгізумен байланысты көптеген мәселені шешуге мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде сарапшылар спутниктік геодезиялық желі құру, мемлекеттік геодезиялық желіні жаңарту және Қазақстан Республикасының аумағында бірыңғай мемлекеттік координаттар жүйесін орнату мәселелерімен айналысып жатыр. Жаңа координаттар жүйесі әлемдік спутниктік желіге біріктіріледі.

«Осылайша, QTRS көмегімен жер учаскілердің шекараларын нақты белгілеп, коммуналдық желілерді геопозициялау, олардың апаттық жағдайын алдын алу, мемлекеттік қызметтерді жылдам алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар инновациялар оңтайлы маршруттарды жедел және дәл іздеу және жергілікті жерде навигацияның дәлдігін арттыруға ықпал етеді.  Осыдан барып, жаңашылдықтар навигациялау және пилотсыз көлікті енгізу үшін негіз болады», – делінген хабарламада.

Бұл жобаны ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі геодезия және картография комитетіне бағынысты кәсіпорын – «Ұлттық геодезия және кеңістік ақпарат орталығы» РМК жүзеге асырып жатыр.

Айта кетейік,  қазіргі кезде Қазақстанда өткен ғасырдың орта тұсында кеңес одағының ғалымдары құрған СК-42 координаттар жүйесі қолданылады.



Ұқсас тақырыптар