Педагогикалық жоғары оқу орындары, колледжер мен мектептердің арасындағы өзара іс-қимылды қалай нығайтуға болады? Болашақ педагогтің моделі қандай болуы тиіс? Жұмыс берушілер мен студенттер арасындағы байланысты арттырудың тетіктері қандай? Осы және өзге сауалдарға жауап іздеу мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұйымдастырылған педагогикалық идеялар фестивалі өз мәресіне жетті.
5 күн бойы еліміздегі білім беру ұйымдарының педагогтері мен мұғалім мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының оқытушылары өзара тәжірибе алмасып, озық ойларын ортаға салды.
Өмір бойы үздіксіз білім беру қағидасын жүзеге асыру мақсатындағы фестивальға 500-ден астам педагог қатысты.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бастамасымен тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған «Кластерлік білім беру – жүзеге асыру және перспективалары» тақырыбындағы іс-шара аясында Университеттің жетекші ғалымдары мен мектептердің жетекші әдіскер мұғалімдері 40-қа жуық шеберлік сыныптар мен ашық сабақтар өткізді.
Фестивальдің алға қойған міндеттерінің қатарында қазақстандық мұғалімдердің пікірталас алаңдарын құру және білім берудің барлық деңгейлерінде сабақтастықты қамтамасыз ету, болашақ педагогтің құрылымдық-мазмұндық моделін әзірлеуде жұмыс берушілер мен студенттердің рөлін кеңейту сынды маңызды мәселелер бар.
Мәжіліс барысында «BilimInvest» білім беру саласындағы ұлттық инвесторлар қауымдастығының президенті Кулянда Батырбекова «BilimInvest» Қауымдастығы үлгісінде кластерлік білім беру», Республикалық жеке меншік білім беру ұйымдары қауымдастығының төрайымы Роза Садықова «Білім сапасын арттырудағы жеке меншік білім беру ұйымдарының рөлі», №113 бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі Шолпан Қалиасқарова «Мектепке дейінгі білім беру мекемелерін маманмен қамтамасыз етудег мәселелер» тақырыптарында баяндама жасады. Олар салада туындап отырған бірқатар мәселелерді алға тартып, оны шешу жолдарын ұсынды.
Сонымен қатар, «Share» халықаралық жобасының директоры, «Назарбаев Қоры» білім беру бойынша бас талдаушысы Назипа Аюбаева, «Ustaz Professional Learning Centre» Білім-инновация мектеп-интернаттарының академиялық директоры Нұрлан Иманғалиев, «Learn» жобасының көшбасшысы Диана Цой түрлі тақырып аясында танымдық кездесулер өткізіп, пайымды ойларымен бөлісті.
Фестивальдің жабылу рәсімінде Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай шара қатысушыларына оқу орнының ұжымы атынан алғысын білдіріп, бір топ белсенді педагогтер мен жұмыс берушілерді «Алғыс хатпен» марапаттады.
Салтанатты рәсімнің екінші бөлімінде Университеттегі өнер ұжымдары мен талантты студенттері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Тағы бір айта кетерлігі, Педагогикалық идеялар фестивалі аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бірқатар жеке білім беру ұйымдарымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасады.
Келісімге оқу орнының Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай мен білім беру мекемелерінің басшылары қол қойды.
Келісім жасасқан ұйымдар қатарында BilimInvest» білім беру саласындағы ұлттық инвесторлар қауымдастығы, Республикалық жеке меншік білім беру ұйымдары қауымдастығы, №113 бөбекжай-балабақша сынды мекемелер бар.
Меморандумға сәйкес алдағы уақытта Университет білім алушылары мен түлектері аталған білім ордаларында тәжірибеден өтіп, кәсіби деңгейлерін шыңдауға мүмкіндік алмақ.
– Заманауи мектеп алдына қойылған міндеттерді шешуде мұғалім жұмысының маңызы зор. Бұл орайда педагогикалық жоғары оқу орны мұғалімдерінің инновациялық тәжірибесін зерделеу және тарату өте өзекті. Фестиваль барысында ұстаз мамандарын даярлайтын оқу орындары, колледждер мен мектептер арасында өзара іс-қимылды нығайту басты назарға алынып отыр. Бұл өз кезегінде қоғамдағы мұғалім мәртебесінің артуына тың серпін береді деп ойлаймыз, – деп атап өтті Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Маркетинг және коммуникациялар департаментінің директоры Жандар Асан.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің
Маркетинг және коммуникациялар департаменті