Жемқорлыққа қарсы күрес – әр азаматтың міндеті

¦г¦б¦в¦Р¦Ч.jpg


Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық заманауи қоғамның өзекті мәселесі болып табылады. Ол үнемі терең зерттеуді, белсенділікті және оған қарсы тұруды қажет етеді.


Сыбайлас жемқорлықтың шығу тарихына тоқтала кетейік: жемқорлық б.з.б. IV-III-мыңжылдықтарда  Алдыңғы Азияда Шумерліктерде, Б.з..б. III-II мыңжылдықтарда Мысыр, Өзен аралығы, Үндістан, Қытай, Иудей  халықтарында пара алу түсінігі болған. Карфаген, Рим империясы, Византия, Осман империясы секілді өз заманының құдіретті мемлекеттерінің ыдырап, жойылып кетуінің ең басты себептерінің бірі осы сыбайлас жемқорлық.

Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі-парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Яғни пара беру де, пара алу да пайдалы  болмайтындай дінде де үлкен қылмыс. Асыл дініміз исламда жетпіс үлкен күнәнің бірі – жемқорлық болып саналады.


Бақара сүресінің 188-аятында: «Араларыңдағы малдарыңды (дүниені) бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ, біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар» деп айтылған. Мұның мағынасы: «Би мен қазыларға мал-дүние ұсынбаңдар. Дүние беріп, олардың көңілін табуға, пара беріп, біле тұра өзгеге тиесілі мүлікті, игілікті қолды етпеңдер», – дегенді білдіреді. Жемқорлық пен парақорлық Құранда харам және қылмыс іс ретінде көрсетілген. Маида сүресінің 42-аятында: «Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер...», - деп айтылған. Бұл аят – пара алып, арам табыспен күнелтетін яһудилер жайында. Сонымен бірге, парақорлық хадиспен, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзімен де тыйым етілген қылмыс.


Әбу Дәуід және Тирмизиде сахаба Абдулла бин Амрдың (р.а.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) пара берушіні және пара алушыны қарғыс еткен», - деген риуаяты бар.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте діни жұртшылықтың да көмегі зор. Дін қызметкерлерінің жоғары адамгершілігі мен беделі халықтың моральын нығайтуға үлкен үлес қосатынына сенімдімін. Қазіргі таңда республика бойынша  мешіттерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес насихатталып келеді.


Ислам ғұламалары пара алудың харам екенін бірауыздан мақұлдаған. Тіпті алдын ала шарт етіп берген сыйлық та пара болып есептеледі.

«Хашр», сүресі, 18-19 аятында: «Уа мүміндер! Алла Тағаладан қорқыңдар. Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын. Алла Тағаладан қорқыңдар. Шәксіз Алла Тағала не істегендеріңді толық біледі. Сондай Алланы ұмытқан, Алла Тағала оларға өздерін ұмыттырған кісілер тәрізді болмаңдар. Міне солар бұзақылар»делінген.  Осыдан-ақ түсінеріміз, парақорлық – қоғамның баяндылығын бұзатын індет. Пара жүрген жерде әділетсіздік орнап, адам мен қоғам құқығына қол сұғылып, заңның күші жойылады.


Шариғатта пара беру туралы үкімге келсек:

 Біріншіден, пара алу мен пара беру және параға дәнекерлік жасау – харам. Парақорлық жолмен табылған табыс та харам болып саналады;

 Екіншіден пара ретінде берілген мүлікті не сыйлықты алу харам болғандықтан, оны иесіне қайтарып беру міндет. Егер алынған зат табылмаса, сол заттың құнына тең басқа зат қайтарылады. Егерде  мүліктің (параның) иесі табылмаған жағдайда, мұқтаж жандарға таратылады.


Жоғарыда аталған парға байланысты жыл басынан бері сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты ҚМД Ақтөбе өкілдігінде 30 шара (жемқорлық туралы 2 видеоролик түсіріліп,  бас имам қатысқан 6 іс-шара, Ақтөбе облысының  мешіттерінде  параға байланысты 22 рет жұма намазында уағыз айтылды ) өтті.

Қорыта келгенде  жемқорлыққа қарсы күрес – әр азаматтың міндеті. Ол үшің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте, ең алдымен, азаматтардың бойындағы әділдік, инабаттылық сияқты моральдық қасиеттерді барынша дамыту қажет. Осы орайда ұлы ақын, қазақ халқының данышпаны Абай Құнанбайұлының «Кеселді жалқау, қылжақбас, Әзір тамақ, әзір ас. Сыртың – пысық, ішің – нас, Артын ойлап ұялмас» деген өлең жолдарын әр адамның өмір сүру қағидасындағы ұстаным ретінде  әрбір отбасы осы мәселеге аса мән бергені абзал.

 

Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ

Ақтөбе облысының Бас имамы



Ұқсас тақырыптар