Махмұд Сабырханға бір бөлмелі пәтер берілді

2021-11-25_16-19-41-750x536.jpg


Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Белградта өткен бокстан ересектер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырханға тұрғын үй сертификатын табыстады, – деп хабарлады Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.


Кездесуге Шымкент қаласы Бокс федерациясының президенті А.Тұрысбеков қатысты.


Былғары қолғап шеберіне қала әкімдігі мен Бокс федерациясы атынан «Стандарт» тұрғын үй кешенінен 1 бөлмелі пәтер берілді.


Спортшыны жетістігімен құттықтаған қала басшысы әлемдік аренада алдағы уақытта үлкен жеңістерге жететіне сенімді екенін айтты.


«Еліміздің Тәуелсіздік алғанына биыл 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында Қазақстан спортшылары халықаралық аренада қазақ елінің абыройын асқақтатып келеді. Олардың қатарында өзің секілді талантты боксшылар бар. 20 жаста әлем чемпионатының финалында сынға түскеннің өзі үлкен ерлік және жетістік. Сен үшін үлкен спорттағы үлкен жеңістер баспалдағы басталды. Енді жаттығуды күшейтіп, бұдан да биік белесті бағындырып, қазақстандықтарды қуантуға күш жігеріңді сал. Сендерге қарап, жастарымыз спортпен шұғылдануға және саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылады. Жетістіктеріңді көріп, сендер сияқты болуға талпынады. Спортшыларымыздың жетістіктері мемлекеттің беделін арттыруға септігін тигізеді. Сондықтан біз алдағы уақытта үлкен жеңістер күтеміз», – деді қала әкімі.

 

Еске салсақ, Белградта өткен әлем чемпионатында бокстан Қазақстан ерлер құрамасы жалпы командалық есепте екінші орынға тұрақтады. Теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосынов әлем чемпиондары атанса, Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов күміс жүлдеге, Абылайхан Жүсіпов қола жүлдеге ие болды.



Ұқсас тақырыптар