Атырау облысының үздік дизайнерлері өзара сайысты. Сән байқауында қала, аудандардан келген 9 тігін шеберлері бақ сынады. «Ұлттық киім трендте» шарасында қатысушылар 5 бағыт бойынша сынға түсті. Қазақы нақышта тігілген көздің жауын алар сәнді киімдер көпшіліктен оң бағасын алды.
Сән фестивалі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен "Qazaqstan jastary" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті. Байқауға Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова арнайы қатысты. Ол қатысуышыларға сәттілік тілеп, алғысын жеткізді.
Шараның мақсаты - мәдени кеңістіктегі дәстүрлі және стильді ұлттық ерекшелкті таныту, дамыту. Сән байқауына қатысқан 9 дизайнер «Фольклорлық костюм», «Спорттық костюм», «Классикалық костюм», «Күнделікті костюм» және «Кешкі көйлек» бағыттарына сай келетін ұлттық киімнің заманауи үлгілерін ұсынды.
Шараға арнайы шақырылған мейман Ақдениз университетінің профессоры, түрік дизайнері Айдын Зор да қазақ халқының ою-өрнектері мен стиліне деген таңданысын жасырмады.
Байқау нәтижесінде бас жүлде мен 1 000 000 тг-ні Құрманғазы ауданынан келген қатысушы Шарбану Қалидоллақызы иемденді.
1-орын мен 700 000 тг-ні Эльза Қайыржанқызы қанжығасына байласа, 2-орын мен 500 000 тг Айсұлу Оразбаеваға бұйырды. Жүлделі 3-орын мен 300,000 теңгені жас дизайнер Айзада Кененова місе тұтты. Сән байқауына қатысқан өзге де қатысушыларға ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Сән фестивалі Атырау облысында кең көлемде алғаш рет өткізілді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, салтанатты шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.