Қазақстанның банк секторы S&P-ның болжамын алды

GLfI5X5v.jpg



Түзетудің ұзақ кезеңінің қазақстандық банктердің қызметіне әсері төмендеді. Қазіргі уақытта экономикалық өсуді қалпына келтіру банктердің бизнесін және жалпы банк саласын дамытуды қолдайды. 

Бұл туралы S&P рейтингтік агенттігі қазақстандық банк секторының жағдайы туралы өзінің рейтингтік есебінде хабарлады.

Банк секторының салалық және елдік тәуекелдерін бағалау (BICRA) шеңберінде салалық тәуекелдерге қатысты үрдіс «оң» ретінде бекітілді. Экономикалық тәуекелді бағалау 9-дан 8-ге дейін жақсарды, салалық тәуекелді бағалау 9 деңгейінде расталды.

Бірқатар қазақстандық банктердің рейтингтері жоғарылады немесе расталды. Бірнеше банк үшін тәуекелді күтулер бойынша болжамдар жақсарды. Барлық бағаланатын қаржы институттары үшін S&P рейтингтік агенттігі әртүрлі сценарийлер жасады, оларды іске асыру негізінде рейтингтің одан әрі өзгеруі туралы қорытынды жасалады.

S&P болжамы бойынша Қазақстанның экономикалық өсу қарқыны 2021 жылдың соңына қарай 3,5%-ды құрайды, бұған мұнайға берілген жоғары баға аясында мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы, сондай-ақ қолайлы фискалдық саясат ықпал ететін болады. 

«Банк секторының тұрақтылығы, оның ішінде кредит берудің қалыпты өсу қарқынымен және қарыз алушылардың әртүрлі санаттары үшін қаржы реттеушісі мен үкімет көрсеткен қолдау шараларымен қамтамасыз етілді» - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова. 

S&P атап өткендей, қазақстандық банктердің проблемалық кредиттер көлемін қысқартудағы ілгерілеуіне қарамастан, осы бағыттағы тәуекелдер әлі де өзекті болып қалуда. Соңғы уақытта сарапшылардың пікірінше, банк секторының полярлану үрдісі байқалады: күшті ойыншылар нарықтағы қатысуын арттырады, ал әлсіздер одан біртіндеп кетеді. Банк секторындағы шоғырлану айтарлықтай жоғары: ірі бес банктің үлесіне сектор активтерінің 70%-дан астамы тиесілі. 

S&P болжамдары бойынша технологиялық факторлар нарықтағы бәсекелестікті күшейтпейді, қазақстандық банктер үшін орта мерзімді болашақта табыстылықтың төмендеу тәуекелі тұрақты болып қала береді.



Ұқсас тақырыптар