Қазақстанда жаңа ақпараттық портал іске қосылды

220128143758989e.jpg


Қазақстанда halyq-uni.kz атауымен жаңа ақпараттық портал іске қосылды. Қазақ тіліндегі жаңа медиа оқырманға еліміздегі экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени тақырыптарда маңызды ақпараттар мен сараптамалық-талдау материалдар ұсынып отырмақ, деп хабарлады ҚазАқпарат.


Halyq-uni.kz жобасының елдің барлық өңірінде арнайы тілшілері бар. 


Жаңа интернет-ресурстың бас редакторы Жандос Байділданың айтуынша, «Halyq Uni» халықтың сұранысына сай ақпарат беретін еліміздегі іргелі порталдардың бірі болмақ. 


«Қазір қазақ тілінде ақпараттық сайттар көп, алайда олардың ішінде сапалы контент ұсынатындары аз. Оқырманның сапалы әрі терең танымдық дүниелер оқуға хақысы бар. Сондықтан, елдің сөзін сөйлеп, әлеуметтің мәселесін көтерсек деген ниетпен «Halyq Uni» жобасын қолға алдық. Порталдың аты айтып тұрғандай, медиа нарығына енген жаңа жобамыз халықтың сөзін сөйлеп, олардың қордаланған мәселесін билікке жеткізуді, жеткізіп қана қоймай, оның орындалуына ықпал етуді көздейді. Өңірлердегі тілшілеріміз өз аймағында болып жатқан кез келген ақпаратты бүкпесіз, шынайы, нақты дәлелдермен ұсынады. Еліміздің кез келген азаматы редакциямызға тікелей хабарласып, өзін толғандырған мәселе бойынша жүгіне алады. Біз көп сайттың бірі емес, сенімді ақпарат көзі болуды мақсат тұтып отырмыз», – дейді Жандос Байділда.

 

Интернет-жобада сұхбаттар, мультимедиалық технологияларды пайдалана отырып эксклюзивті материалдар жарияланады. 


Сайтта жарияланған материалдарды сүйемелдеп, оны оқырманға ұсыну үшін ақпараттық порталдың бірқатар әлеуметтік желіде ресми парақшалары жұмыс істейді.



Ұқсас тақырыптар