Бас прокуратураның мәлімдеуінше, қаңтар оқиғасына қатысты деген күдікпен ұсталғандардың арасында 35 тыйым салынған экстремистік ағымдардың мүшелері анықталған, деп хабарлайды Mezgil.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері «Казахстанский» атты ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшілерін ұстағанын айтты. Олардан оқ дәрімен бірге, 15 атыс қаруы тәркіленген. Қазір қылмыстық топтың басқа да ашылмаған қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
«Ерекше атап өтерлігі – саяси-экстремизмнің айқын белгілерінің анықталуы. Бейбіт акцияға қатысушылардың талаптары мемлекет тарапынан орындалса да, арандатушылар әдейі жанжал шығарып, оны ушықтырып, саяси талаптар қоя бастаған. Олардың түпкі мақсаты билікті қарумен күштеп басып алу болған. Тіпті қоғам және азаматтық белсенділер деп саналатындар наразылықтың бастапқы кезеңін пайдаланып, тізгінді өздері алуға тырысқан», - дейді Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров.
Бұл ретте тыйым салынған «ҚДТ/көше» атты экстремистік ұйымның мүшелері жаппай тәртіпсіздіктерге белсене итермелеген.
Прокурордың айтуынша, жалпы ұсталғандардың арасында 35 тыйым салынған экстермистік ағымдардың мүшелері анықталған.
«Мысалы, Алматыда қылмыстық бағыттағы деструктивті діни ағымдардың бір топ мүшелері ұсталды. Оларды ұстау кезінде қолдануға дайын болған қару-жарақ тәркіленді. Олар өз тобының әрекеттерін үйлестіріп отырған. Бұл ретте олардың бір бөлігі алаңда жүрсе, екіншісі, қаланың төменгі жағында баррикадаларда болған»,-деді Ризабек Ожаров.
Ризабек Ожаров қазір тергеу амалдары бұл оқиғалардың қалай болғанын анықтап жатқанын айтты.