2022 жылғы 1 сәуірде ҚР Энергетика министрінің Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын бекітуге қатысты бұйрығы күшіне енді, деп хабарлайды Mezgil.kz.
«Қабылданған бұйрыққа сәйкес, сұйытылған газдың шекті бағасы 2022 жылғы 2-тоқсанда ағымдағы деңгейде белгіленеді және 28 000,00 тг/т (ҚҚС-сыз) болады»,-делінген хабарламада.
Еске салсақ, 2022 жылғы қаңтар айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бұйрығымен Қазақстанда автогаз құю станцияларында автокөліктерге жанармай құю үшін 180 күнге (ҚҚС қоса алғанда) сұйытылған газдың шекті-бөлшек сауда бағасы белгіленген еді.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бұйрығына сәйкес, өңірлердегі сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағасы қосымша құн салығымен қоса есептегенде, литріне 50-ден 75 теңге аралығында қалды.