Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде «Қош келдің, әз-Наурыз» мейрамы өтті

WhatsApp Image 2022-04-24 at 18.46.17 (1).jpeg


Наурыз - Ұлыстың ұлы күнi. Бұл күнi күн мен түн теңеледi. Жан-жануар түлейдi, Жер-Ана жасарып, табиғат жаңарады. Адамзаттың бойында қан жүгiрiп, тал-теректер бүршiк жарады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың Ұлы күнiн тойлайды. Бүкiл Шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйiм халық, мұқым ел ауызбiршiлiкте болады.

Ұлттық дәстүр жылдан-жылға жалғасын тауып келеді. Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде арнайы «Қош келдің, әз-Наурыз» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Мейрам концерттік қойылыммен басталып, Наурыз – Сәуір – Мамыр айлары жұртқа деген ізгі тілектерін білдірді. Ұлыстың ұлы күні Қызыр Ата келіп, елге ақ батасын берді. Ас төресі наурыз көже таратылып, өнерлі қонақтарымыз оқу ордасын әнге бөледі. Дәстүрлі әнші Бек Нұриддин – Ақан серінің әні «Балқадиша» мен Молдабайдың әнін орындап дүйім жұртты өнерімен тәнтті етті.  «Ханшайым» би тобы - Қазақ биін билеп кештің көркін келтірді. Мерекелік шаралар барысында күй тартыс ұйымдастырылып, тұсау кесу және басқа да рәсімдер өтті. Қол күресі, арқан тарту сынды ұлттық ойындар ойнатылып, сегіз қырлы, бір сырлы жастар «Қара жорға» биімен көпшіліктің көңілін көтерді. Студент жастар алтыбақанда тербеліп, қызықты думан болды. ҚазИТУ Ғылыми Кітапхана меңгерушісі – Зағи Сәдуақасқызы “Дүние-ай” әнін шырқаса, арнайы келген әнші қонағымыз Арайлым Ибраева «Наурыз-Думан» ән-шашуын қонақтарға тарту етті. Алтын күннен нұр, жерге алтын дән себілетін шақта күн шуақты болып, ел қуанышқа кенеліп, Наурыз мерекесі нағыз тойға айналды.


WhatsApp Image 2022-04-24 at 18.46.17.jpeg


Қазақстан инженерлік-технологиялық университетіндегі наурыз кеш барысында Айкөркем есімді бүлдіршіннің тұсауын кесу құрметі тіл жанашыры, қоғам қайраткері - Асылы Осман апамызға берілді. Тұсауы кесілген балдырғанды ҚазИТУ ректоры Гүлнар Сәрсенбекова мен «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының» бас директоры, академик  Аманкелды Саданов алға жетектеп, болашаққа қадам аттатты. Кішкентай Арайлымның алдына ырымдап қойылған заттардың ішінен кітапты таңдағаны отбасын ерекше қуантты.Сонымен қатар, домбырамен күй тартылып, жылы тілек-лебіздер айтылып, ақсақалдар ақ батасын берді.

ҚазИТУ басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы, колледж ұжымы, студенттер мен ғалымдардың наурыз думан тойына жан-жақтан қонақтар келіп, жылы лебіздерімен бөлісті.  ҚазИТУ ауылында ұйымдастырылған ұлы мерекені, ерекше қуанышты бөлісуге келген сыйлы қонақтар: ҚР Парламент Сенатының депутаты, Ұлттық инженерлік академиясының Президенті, академик - Жұмағулов Бақытжан Тұрсынұлы; ҚазИТУ Президенті - Жұмағулов Руслан Бақытжанұлы; "Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының" бас директоры, академик - Саданов Аманкелды Кұрбанұлы; Саданов Аманкелды Құрбанұлының жары - Роза Картбайқызы; Тіл жанашыры, қоғам қайраткері - Асылы Осман; Алматы қаласы ардагерлер кеңесінің мүшесі - Хамит Біржанов; "Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" басқармасының төрағасы - Айтбаев Теміржан Еркасымұлы; "Қазақ тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты" басқармасының төрағасы - Муслимов Нуржан Жумартович; "Қазақстан тамақ кәсіпорындары одағының" директоры - Сабралиева Марина Дуйсенгалиевна; "Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары - Қазыбаева Сәуле Жамбылқызы; Алматы қаласы Білім Басқармасы Техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бастығы - Абишев Ерик Мырзагалиевич; Уразаева Марина Владимировна - "Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының "питомник шаруашылығы" лабороториясының меңгерушісі; "Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының" бас бухгалтері - Турганбаева Асель Сатылгановна; Алматы қаласы Білім Басқармасы Техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы - Избаева Умит Жиенбаевна.


WhatsApp Image 2022-04-24 at 18.46.18.jpeg


Ұлық мереке заманауи қазақ қоғамына еркін бойлап, қоғамдағы достық пен ынтымақтың символына айналды. Қазақстанда өмір сүріп жатқан жүзден аса өзге ұлт өкілдері Ұлыстың ұлы күнін қадір тұтып, жалпыхалықтық сипатта тойлап келеді. Көпұлтты мемлекетіміздегі достықтың күшейіп, ұлттық бірегейлігімізді сақтап, бейбітшілік пен бірліктің, достықтың жарқын үлгісін көрсеткен мейрам.



Ұқсас тақырыптар