Біліктілікті арттыру қашан да маңызды

WhatsApp Image 2022-04-27 at 16.32.10.jpeg


Қостанай қаласында Түркітілдес журналистер қоры мен Қазақстандағы АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауымен «Fake news. Fact-checking. Information manipulation» тақырыбында семинар-тренинг өтіп жатыр.

 

27-28 сәуірге жоспарланған шараға Қазақстанның барлық облыс, аудан, аймағынан арнайы сауалнама арқылы алдын ала іріктеуден өткен 30 журналист қатысып жатыр. Журналистердің жол, тамақ, қонақүй шығыдары Түркітілдес журналистер қоры өтейді.

 

БАҚ өкілдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған семинар-тренинг бұған дейін зум платформасы арқылы төрт ай бойы онлайн форматта өткен. Офлайн форматта 2022 жылдың 8-9 сәуірінде - Алматы қаласында, 11-12 сәуірде Шымкент қаласында екі күн бойы республиканың түкпір-түкпірінен жиналған телеарна, газет, сайт, радиоарнада жұмыс істейтін 52 журналист қатысып, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды.

 

WhatsApp Image 2022-04-27 at 16.32.10 (1).jpeg


Семинар-тренингтің жалғасы Шымкент қаласында тағы екі күнге жалғасты. Шеберлікті шыңдау сабағына шетелдерден арнайы медиамамандар шақыртылып, дәріс оқыды. Атап айтсақ, екі қалада ұйымдастырылған семинар-тренингке Британиядан Батан Өз, Нидерландтан Юсуф Оскан келді. Олар жергілікті журналистерге жалған ақпардың салдары мен маңызын түсіндіріп, семинардың қызықты өтуіне септігін тигізді. Шетелдік мамандардың берген берген білімі мен тәжірибесі журналистерге жұмыс барысында көп көмек болары анық. Ал Қостанайда өтетін шараға 12 қаладан 30 журналист қатысып, фактчек бойынша отандық білікті мамандардың дәрісін тыңдап, шеберлікті шыңдауға мүмкіндік алмақ. Шарада аймақтардан келетін жас журналистер жалған ақпаратқа тойтарыс берудің әдіс-тәсіліне қанық болып, ақпарат майданында кәсіби біліктілікті кәдеге жарата алудың қыр-сырымен танысады.

 

«Семинардың басты мақсаты – жалған ақпаратпен күресу. Оның ішінде БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланатын жалған ақпараттардың алдын алу. Бүгінгі күні халықтың медиасауатын ашу маңызды болып тұр. Жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік көзделетінін халыққа ұғындыру міндеті тұр. Бұл үшін халықты ақпаратпен қамтамасыз етіп отырған журналистердің өзі жаңалықтардың жалған-өтірігін ажыратып, сараптай алуы керек. Елдегі карантин шектеулері, Қасіретті қаңтар оқиғасы, Украина мен Ресей арасындағы соғыстан кейін жалған ақпарат, ақпараттық манипулация, шынайы ақпаратты жасырып қалу бұрынғыдан да өрши түсті. Ал кәсіби тұрғыда ақпарат тарататын журналистер кейде ақпараттардың рас-өтірігін ажыратудан қалды. Пандемиядан кейін "инфодемия" деген термин пайда болды. Бұл семинардың түпкі мақсаты – шынайы ақпаратты бұрмалап, жалған ақпараттың таралуына соққы беруді кәсіби тұрғыда меңгерту», - дейді Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы.

 

WhatsApp Image 2022-04-27 at 16.32.14.jpeg


Түркітілдес журналистер қоры 2014 жылдың 11 қарашасында құрылған. Басты мақсаты - Қазақстандағы БАҚ өкілдерінің кәсіби шеберлігін шыңдап,  түркі әлемі журналистері арасында берік әріптестік орнату. Аты айтып тұрғандай, осы уақытқа дейін Қордың ұйымдастыруымен түркі әлемінің журналистері әріптестік қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасуда елімізде және шетелдерде әртүрлі шаралар ұйымдастыруға мұрындық болып келеді. Бүгінде қор жанынан ашылған Жас журналистер мектебі мен Қазақстандағы әйел журналистер клубы, Медиатренерлер мектебі  тұрақты жұмыс істейді. Медиамектепте қазақстандық және шетелдік тәжірибелі мамандар журналистерге арналған түрлі тақырыпта онлайн және офлайн форматта сабақ береді. Сондай-ақ 2007 жылдан бері тұрақты түрде жыл сайын журналистер арасында республикалық деңгейде қаржы тақырыбында «Еркін сөз» байқауы ұйымдастырылады.

WhatsApp Image 2022-04-27 at 16.32.12.jpeg



Ұқсас тақырыптар