Ахпаров Нұрлан Нұркинұлын еске алу құрметіне ескерткіш тақта ашылды
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Хирургия бөлімінде елімізге белгілі балалар хирургы, танымал «Алтын қолды» дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, АҚШ-тың Цинциннати клиникасының құрметті профессоры, Еуропа жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, халықаралық дәрежедегі ғалым, бар ғұмырын балалар саулығына арнаған Ахпаров Нұрлан Нұркинұлын еске алу құрметіне ескерткіш тақта ашылды.
Салтанатты іс-шараға Педиатрия орталығының басшылығы мен ұжымы, әріптестері мен ұрпақтары қатысты.
Құрмет белгісінің дәл осы Хирургия бөлімінде орналасуы тегін емес. Өйткені, Нұрлан Нұркинұлы бөлім ашылған 1994 жылдан бері Хирургия бөлімін абыроймен басқарып келді. Содан бері, табан алмай осы бөлімде 28 жыл қызмет етті. Академик Камал Саруәрұлы Нұрлан Нұркинұлының бөлім басшысы етіп өзі тағайындаған болатын.
Салтанатты шараның ашылуында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева: «Нұрлан Нұркинұлы Хирургия бөлімінің алғашқы ұжымын өзі құрып, орталықта балалар хирургиясы саласын дамытуға зор үлес қосты. Ол 10 мыңнан аса операция жасап, қаншама мың баланың өмірін алып қалды. Нұрлан Нұркинұлы ең ауыр, күрделі деген операцияларды жасады. Оның есімін бүкіл Қазақ елі біледі. Дәрігерді еліміздің әр аймағынан арнайы іздеп келетін. Нұрлан Нұркинұлы балаларды емдеумен қатар, білім мен ғылымға ерекше назар аударды. Ғылым рейтингісі бойынша Хирургия бөлімі ұзақ жылдардан бері тек бірінші орында тұрды. Ол жаңа ғылыми тың идеялардың генераторы, жаңашылдыққа ұмтылған жарқын да дарынды тұлға болды. Ол бірнеше буын білікті хирургтарды, мықты мамандарды тәрбиелеп шығарды. Оның көпшілігі бүгінде жоғары басшылық лауазымда қызмет жасайды. Орталықта Нұрлан Ахпаров мектебінің негізі қаланған еді. Ертең 22 сәуір күні Нұрлан Нұркинұлын еске алу құрметіне арналған «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясы дамуының сын-тегеуріні мен келешегі» атты жас ғалымдардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді. Оған Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің әр аймағынан жас хирургтар келеді», деп атап өтті.
Шара барысында көп жыл бірге қызметтес болған әріптестері мен шәкірттері өз естеліктерімен бөлісті.
«Нұрлан Нұркинұлымен біз 30 жылдан аса бірге қызмет жасадық. Мен ғылым бойынша директор орынбасары қызметін атқарған жылдары ол кандидаттық және докторлық диссертациясын қорғады. Бүкіл зерттеулер мен операцияларды өзі жасады. Нұрлан Нұркинұлының арқасында Хирургия бөлімі беделді бөлімге айналды. Ол өте жауапкершілігі мол, өз ісіне адал. көңілі дархан, жүрегі таза, кең пейілді жан еді. Тәрбиесі мен мәдениеттілігінің арқасында дәрігерлердің аға буынына да, жас буынға да ерекше құрметпен, ілтипатпен қарайтын. Өзінің бар білгенін жастарға үйретуден жалықпайтын. Бүгінде оның шәкірттері ол білетін барлық хирургиялық ем-домдарды меңгерген. Ол академик Камал Саруәрұлының сүйікті шәкірті еді. Нұрлан Нұркинұлы маған бауырымдай болды, үнемі қамқорлығын, құрметін көрсетіп жүретін», деп еске алды Педиатрия орталығының профессоры, онкогематолог дәрігер Кулян Омарова.
Өз кезегінде Нұрлан Нұркинұлының жұбайы мен ұрпақтары жылы лебіздер мен көрсетіліп жатқан құрмет үшін, шара ұйымдастырушылары мен орталық басшылығына шексіз ризашылықтарын білдірді.
Бар ғұмырын балалар саулығына арнап, бар күш-қайратын мамандар дайындауға, ғылымға жұмсап, жанкешті еңбек еткен біртуар тұлғаның бағаланғаны орынды. Бүгінгі ескерткіш тақтаның ашылуы Нұрлан Нұркинұлын отандық ғылым мен білімге, медицина саласына қосқан зор үлесіне деген құрметтің айқын көрінісі.