«Алтын ұрлаушылар ісі» азаптауға ұласты

«Алтын ұрлаған ұйымдасқан қылмыстық топ» ісі бойынша тараптардың жарыссөзі басталды. Прокурор сотталушыларға бестен сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.

«Алтын ұрлаған ұйымдасқан қылмыстық топ» деп аталып кеткен іс бойынша даулы сот процесі аяқталуға жақын. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық сотында тараптардың жарыссөзі басталды.

Тергеу нұсқасы

«Алтын ұрлаған ҰҚТ» ісі туралы дерек өткен жылдың наурызында бүкіл елге тарап кетті. Сол кезде Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар және Семей қалаларында ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ қызметінің жолын кесу бойынша ірі арнайы операция жүргізілді.

2021 жылғы 12 наурызда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі аты шулы топтың 16 қатысушысының ұсталғаны туралы баспасөз хабарламасын таратты. Оларға адамды ұрлау, бопсалау, адам өлтіруге оқталу, Шығыс Қазақстан облысы кәсіпорындарының бірінде құрамында алтыны бар шикізатты ұрлау және оның ҚР аумағынан тыс жерлерге контрабанда жолмен өткізу, сондай-ақ трансұлттық қылмыстық топ құру және оны басқару бойынша айып тағылды.

«Қылмыстық топтың құрамына қазір қызметтегі және бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлері кірген. Ұстау барысында қаскүнемдерден жасалған қылмыстарды растайтын ақша қаражаты, материалдық құндылықтар, байланыс құралдары және өзге де заттардың ірі көлемі табылып, тәркіленді. Тергеу-жедел іс-шаралары жалғасып жатыр, –  делінген хабарламада.

Бүгін отырыс барысында аға көлік прокуроры Марат Опабеков айыптау актісін оқып берді. Оның айтуынша, тергеу сотталушылардың кінәсін толық дәлелдей алды.

Жаза ретінде прокурор бес жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.

Ерекше қатыгездікпен тергеу жүргізу

Бұл ретте, «Алтын ұрлаған ҰҚТ» ісі төңірегінде жанжал өрбіді. Сәуірде қылмыстық топ құрушы күдіктілердің туыстары Нұр-Сұлтандағы Бас прокуратура ғимаратына келіп, наразылық білдірді. Олардың айтуынша, тұтқындарды бір жыл бойы елордалық тергеу изоляторларының бірінде аяусыз азаптап келген.

«Оларды жай ғана жазаламады, үнемі ұрып-соғып, ерекше қатыгездікпен азаптады. Оларды басымен унитазға батырып, су қайнатқышты аузына тығып, резеңке таяқшалар және жұдырықпен іштен, бас пен аяқтан ұрды. Осындай адамгершілікке жатпайтын және қатыгездіктің нәтижесінде біздің бауырларымыз бен күйеулеріміз ешқашан жасамаған қылмыстарды мойындап, қол қойды. Олар бізге қылмыстық іс қозғайтынын, тіпті істемеген іс үшін де жауапқа тартамыз деп қорқытты. Орган қызметкерлері үлкен ыдысқа мұзды су құйып, аязды күні толық шешіндіріп, таңертеңнен кешке дейін күн суықта далада тұруға мәжбүр етті», – дейді айыпталушылардың туыстары.

 Telegram-каналдарда аяусыз ұрып-соғудың бірнеше дәлелі бар. Бірнешеуін мысалға келтірейік. 

Айнұр ӘШІМОВА, Семей қаласының тұрғыны:

– Менің күйеуім Архат Мұсаиновті үш адам ұрып-соққан. Жүріп-тұруын шектеп, сызық сызған, сол сызықтан Архат асып кетіп немесе құлап қалса, оны ұрып, шешінідріп үстіне мұздай су құйып, далаға аязға шығарған. (...). Азаптаудан кейін жолдасым кінәні мойнына алған. Оған құрамында алтын бар кенді ұрлау және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты деген айып тағылуда. Менің туысым Арман Қабдрахманов та ұрлық үшін сотталмақ. Алайда ол кәсіпорында ІТ-бөлімінде жұмыс ісеген. Оны да қинаған, аяғын соққаны соншалық, аяғы алты ай бойы қанталап, жазылмай қойды. Туысымды да ҰКҚ-ның Нұр-Сұлтан ЕЦ-166/1 бөліміндегі сол үш қызметкер ұрған.

Лаура ӨМІРБАЕВА:

– Менің жолдасым Өмірбаев Қалкен. Арнайы жедел топ мүшелері оған ұйқы бермеген. Жолдасымның қалқан безіндегі ісігі ұлғайып кеткен. Оның квинке ісігі бар, тамағы ісіп, дем ала алмай өліп кетуі мүмкін. Үш рет бұлтартпау шарасын үй қамағына өзгертуді сұрадық, бірақ Семей сотының судьясы Ахметова бұлтартпау шарасын өзгертуге негіз жоқ деп санайды. Тергеу изоляторына жедел жәрдем келген жоқ, жолдасыма камераластары көмек көрсетті.

Екі бауырдың оқиғасы

Самат Рахишовтың оқиғасы 2017 жылы басталды. Тергеу мәліметтері бойынша, сол кезде жігіт алтын контрабандасына қатысқан. Самат алтын жүкпен Ыстамбұлға баруы керек еді. Алайда ҰҚК шекара қызметінің жауынгерлері бағалы металды «жасыл аймаққа» апарып, «курьерге» тапсыруы тиіс кеден қызметкерін ұстады.

Тергеу барысында кеденші Рахишовты жүкті өзі тапсыруы тиіс адам ретінде көрсетті. Бірақ жүкті беру-қабылдау іске асқан жоқ. Рахишов тергеу барысында ол бұл адамды ешқашан көрмегенін және ештеңе тасымалдамайтынын айтты. Нәтижесінде ол босатылды.

Төрт жыл өткен соң, 2021 жылдың 2 сәуірінде ҰКК арнайы жасағы Саматты Кентау қаласында ұстаған.

Болған оқиға туралы Самат Рахишов шағымында егжей-тегжей сипаттаған (шағым редакция қарауында).

«Кейін мені Шымкент қаласы бойынша ҰҚКД-ға жеткізді, онда үш сағатқа жуық болдым. Содан кейін мені көшеге шығарды, онда шамамен мені 15 адам көрді. Бәрімізді автобусқа отырғызып, әуежайға апарды, одан кейін әскери ұшақпен Нұр-Сұлтанға, атап айтқанда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ҰҚКД-ға жеткізді. Бізді бірден ҰҚКД ғимаратының төртінші қабатына көтерді. Онда барлығын қабырғаға қаратып, аяқтарын барынша керді, бұл ретте ҰҚК қызметкерлері келіп, моральдық-психологиялық қысым көрсетті», – дейді Самат Рахишов.

Осындай қалыпта Рахишов шамамен үш сағат бойы тұрған, содан кейін ол тергеушіге жауап алуға жіберілді. Саматтан ол куәлік бере ме деп сұрады. Қазірге дейін Самат оның не үшін ұсталғанын білмейді. Және куәлік беруден бас тартты.

Тергеуші кабинетінен шыққан соң Самат Рахишов ҰҚКД ғимараты ішінде өзінің бауыры Талғатты байқап қалған. Бауырын да қамауға алған.

Елордалық тергеу изоляторына түскен кезден бастап, 16 сағат бойы Саматтың қолы кісендеулі болған. ҰҚК қызметкерлерінің айтуынша, оларда кісен кілті болмаған.

5 сәуірде Саматты Нұр-Сұлтан қаласындағы  тергеу изоляторына жеткізіп, карантинге жапты. Сол күні түнгі уақытта камераға камуфляж киген ер адам келіп, Саматқа матрас пен киімдерін алуды тапсырған. Осында Самат пен бауыры Талғатты тергеу изоляторының бірінші ғимаратына әкелді. Онда 1-3 қабаттағы айыпталушыларды таяқпен ұрып, бірінші қабаттан үшінші қабатқа тізерлеп және еңбектеп өтуге мәжбүрлеген. Ұрып-соғу толастамады. Кейін оларды тырдай жалаңаш шешіндіріп, сабай берген. Осы азаптау бір жарым сағат жалғасқан.

Осыдан кейін ағайындылар жедел уәкілге жеткізілген. Онда оларға: «Сіз бізге қажет нәрсені айтасыз», –  деді. Содан кейін оларды әр түрлі камераларға жіберіп, «есеп» жаттатты. Есік ашылған сайын, олар әлгі есепті  жатқа айтуы керек болған. Саматтың айтуынша, ол таңғы төртке дейін тігінен тұрды.

Бұл Самат Рахимов сипаттаған эпизодтардың бірі ғана. Бірақ бір нәрсе белгілі: орган қызметкерлері оны айыптаусыз және түсіндірусіз ұстады, азаптады және қорлады, адами қадір-қасиетін таптады. 

Азаптауға қатысты іс

Самат Рахишов  және «алтын ұрлаған ҰҚТ» ісі бойынша ұсталған басқа да азаматтар оларға көрсетілген азаптау фактілерін айтып, шағымданды. Зардап шеккендер ішінде Түркияның екі азаматы бар. Демек бұл жанжал халықаралық сипатқа өрбіп кетуі ықтимал. Сондықтан тексеру тағайындалған.

«Конституцияның 17-бабына сәйкес ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды», – деп жазды Самат Рахишовтың өтінішіне жауап ретінде Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық мамандары.

Әлеуметтік желілерде елорданың тергеу изоляторларында азаптаулар бойынша басқа да фактілер сипатталған құжат (редакцияның иелігінде) таратылады.

«Бұл жағдайда орган қызметкерлері бір жыл бойы түрлі азаптауды іске асырған. Яғни 2021 жылдың 4 сәурден бастап олар «алтын контрабандасынан бастап трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшілері деген» кінәні мойндауды алғанша азаптаған.   Осы адамдардан қажетті айғақтар алу үшін ҰҚК қызметкерлері барлық күдіктіге өз адвокаттарының қызметін ұсынды. Барлық күдіктіге бірдей адвокат берді. Өздеріне қажетті деректерді алған соң, күдіктілерден бірден осы адвокаттан бас тарту туралы өтініш алған», – делінген құжатта.

Бұл ретте қамауға алынғандар азаптаулар туралы ешкімге хабарлай алмады – өйткені үнемі ҰҚК қызметкерлерінің бақылауында болды. Бірақ ақпарат сыртқа тарап, тексерулер басталғаннан кейін» құқық қорғау органының қызметкерлері 2022 жылдың наурызында ЕЦ-166/1 тергеу изоляторынан асығыс кетті».

«Қазір барлығы ҰҚК қызметкерлерінің азаптауы бойынша істі тынышынан жауып тастағысы келеді. Қазіргі кезде, бейбіт заманда, көз алдымызда адамдарды елорда тергеуі жанында ұрып-соғып жатыр. Азаптауды алыстағы ауылда емес, тура осында – прокурорлар мен сот қызметкерлерінің көз алдында жасап жатыр. Демек, тергеушілер мен басқа адамдар өздері қалаған нәрсені істеп жатыр, ал прокуратура тексерудің орнына, енді соттан айыпталушыларды 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрайды», – делінген құжатта.

Нәтижесінде Антикорр ҰҚК қызметкерлеріне қатысты азаптауға қатысты іс қозғады. Алайда, екі айдай бойы бұл іс бойынша ешқандай қозғалыс жоқ.

Сәуірде Бас прокуратураның қызметкерлері мамыр мерекелерінен кейін қоғамға азаптау ісі бойынша тергеу барысы туралы жауап беріледі деп уәде берді. Бірақ міне, айдың соңы болып қалды, ал қадағалау ведомствосы үнсіз.

Айта кетелік, көлік прокуроры Марат Опабеков бүгін іске қатысты пікір білдіруден бас тартты. Бұдан бөлек, ол бастапқыда өзін таныстырудан бас тартып, «Алтын ұрлаған ұйымдасқан қылмыстық топ» ісін жүргізбейтінін айтқан. Ұзақ айтыстан кейін ғана прокурор өзін таныстырып, процеске мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысатынын мойындады.

Бұл жағдайда прокурор қандай да бір комментарий беруден бас тартты. Соның ішінде ол сотталушылар ұшыраған азаптау фактілері туралы тіс жармады.

Өзінің айыптау актісінде Марат Опабеков мойындау айғақтары азаптаулардың әсерімен алынғаны туралы айтпайды. Бұл іс жүргізу үшін өте маңызды. Бұл жағдайда сот осы істе жол берілмейтін бірқатар дәлелді мойындауы керек.

Тергеудегі азаматтарды азаптау фактінің өзі бұл іс кінәсіз адамдарды үлкен қылмысты мойындатуға тырысқан жалған процесс екенін көрсетеді.

Сот осы жағдайда ескере ме, жоқ па уақыт көрсетеді. Президенттің «жаңа Қазақстанда» адам құқығы бәрінен жоғары болуы тиіс деп атап өткен сөзіне сенсек, қазақстандық сот жүйесі сотталушыларға қатысты азаптау фактілерінен бас тарта алмайды.


Ұқсас тақырыптар