Халық арасына іріткі салып, хаос туғызған топтың мүддесі басқа

Қаңтар оқиғасы белгілі бір топтардың билікке ұмтылуынан туындағаны белгілі. Өйткені елімізде 30 жыл бойы қандай саясаттың жүргенін айтпасам да бәрі біледі. Жүйесіздік, белгілі бір мүддеге, топқа жұмыс істеуі, заңның сақталмауы секілді дүниелер айналып келгенде дүрбелең туғызатыны анық еді. Ерте ме, кеш пе, бұл жағдай болар еді. Халық үдере көтерілері де анық. 

 Қай саланы алсақ та қараусыз, жүгенсіз кетті. Қарапайым халық пен биліктің арасындағы байланыс үзілді. Бай мен жәй қызметкердің арасы жер мен көктей алшақтады. Осының бәрі XIX-XX ғасырда болса, көз жұма қарауға болар еді. Бірақ бұл XXІ ғасырда болды. Өркениеті дамыған, ақпараттың ағымы су жаңа әлемде мұндай дүниенің болуы дұрыс емес. Осы жерде мемлекетіміз де босаңсығанын байқауға болады. Өйткені мемлекетке тиесілі компаниялар жекеменшікке өтіп кеткен. 

Ал ол компанияларда 20-30 мыңдап адам жұмыс істейді. Соларды билеп-төстегендер өзінің дегенін билікке жүргізгісі келді. Билік онымен санаспаса, түрлі қитұрқы жолдарға барады. Сөйтіп, қарапайым халықты бақа есебіне пайдаланады. Мысалы, бұған дәлел – газ бағасының қымбаттауы. Қаншама адамдар арандап, бейбіт шеруге шыққандар қаза болды. Егер мемлекеттік төңкеріске ұмтылыс жасағандардың қанды ойраны болмағанда, жазықсыз жандар құрбан болмас еді. 

Онда от жағып, оқ жаудырған, елді талқандаған халық емес. Діни радикал топ болсын, өз мүддесі бойынша жиналған жиынның арасында іріткі салып, хаосты туғызады. Арасында бейбіт жұртты арандатып, тіпті кінәні соларға жаба салды. Осыдан біз сабақ алуымыз керек. Ауызбіршілігі мен тұтастығы жарасқан елді талатқандар жуапқа тартылуы тиіс. Сонда ғана елдігімізді сақтай аламыз.


Ерлан РЫСҚАЛИ, 

дәстүрлі әнші.



Ұқсас тақырыптар