Педиатрия орталығына жаңа басшы тағайындалды

WhatsApp Image 2022-08-19 at 15.55.48.jpeg


С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Директорлар Кеңесінің   Жарлығымен Құсайынов Абай Зікрияұлы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы қызметіне тағайындалды.

С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шоранов  Педиатрия орталығы ұжымына жаңа басшы болып тағайындалған  Абай Құсайыновты таныстырды. 

«Абай Зікрияұлының медицина саласындағы көп жылғы еңбегі, мол тәжірибесі, ұйымдастырушылық, басқарушылық қасиеті, білімі мен білігі  Педиатрия орталығының алдында тұрған міндеттерді толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенім артамыз. Орталықтың одан әрі дамуына тың серпін тілейміз!», - деді жиын барысында Директорлар кеңесінің төрайымы Мария Омарова. Өз кезегінде  А.Құсайынов сенім білдіргендері үшін алғысын білдірді.

Құсайынов Абай Зікрияұлы, 1967 жылдың 10 ақпанында Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, Абай ауылында дүниеге келген.  1995 жылы Алматы Мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетін, «Балалар хирургиясы» мамандығы бойынша бітірген. 1995-1997 жылдары – «Балалар хирургиясы» мамандығы бойынша клиникалық ординатурада оқыған. Еңбек жолын С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің балалар хирургиясы кафедрасының ассистенті ретінде бастайды. 2001 жылы медицина ғылымдарының кандидаты атанады. 2003 жылдан бастап 2006 жылға дейін С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің педиатрия факультеті деканының орынбасары,  2006-2010ж. балалар хирургиясы кафедрасының оқу ісі бойынша меңгерушісі қызметін атқарған. 2020 жылдан  С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің К.Ормантаев атындағы «Балалар хирургиясы» кафедрасының меңгерушісі.           Абай Құсайынов 2010 жылдан бүгінгі күнге дейін «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы» ірі көпсалалы аурухананы басқарып келді.

А.Құсайынов «Ұлттық медицина бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары наградасы – «Алтын дарігер» төсбелгісінің иегері. Көп жылғы адал еңбегі үшін 2012 жылы - «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен, 2017 ж.- «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, 2019 ж. - «Құрмет» орденімен марапатталған.

2011 жылы ҚазЕжӘҚА экономикалық факультетінің «менеджмент» мамандығын аяқтаған. Медицина ғылымдарының кандидаты (Ph.D), доцент  А.Құсайынов 40-қа жуық басылымның авторы, 2 монографияның бірлескен авторы болып табылады.

Абай Құсайынов бүгін, 18 тамыздан бастап жаңа қызметіне кірісті.

90 жылдық тарихы бар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы инновациялық технологияларды және медицина ғылымының озық жетістіктерін қолдана отырып балаларға сапалы медициналық қызмет көрсетіп, Қазақстандағы балалардың денсаулығын сақтау мен нығайтуға зор үлес қосып келеді. Клиникада жыл сайын жаңа туған нәрестеден бастап 18 жасқа дейінгі Қазақстанның барлық өңірлерінен 6000-нан астам бала жоғары деңгейде қажетті медициналық көмек алады.



Ұқсас тақырыптар