Мақсат Сералы, экономист: Кәсіпкерлікке көңіл бөлгені қуантты

2.jpg


– Президентіміз кезекті Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту керек екенін дөп басып айтты. Өзім осы саланың маманы ретінде бастаманы құптаймын. Шыны керек, еліміздегі екінші деңгейлі банктер бизнесті тежеп отыр. 


Мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлініп жатқан қаражатты өздерінің компаниялары мен жобаларына айналдырып жатқаны жасырын емес. Ал қарапайым кәсіпкерлерге қаражат қолжетімсіз болып қалды. Мемлекет басшысының осы факторларды нақты айтқаны қуантты. Осыған дейін бірқатар жерлерде бұл мәселе көтерілді.


Енді Ұлттық банкпен жасалатын нақты қадамдар күтеміз. Несие ресурстарының тапшылығы отандық бизнес үшін үлкен проблема болып отырғаны анық. Елімізде шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард АҚШ долларына жуық қаражат жетіспейді. Ал банктерде жатқан триллиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей, босқа тұр. Сондықтан Жолдауда айтылған мәселелерден кейін Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен үкімет бірлесіп, нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді  несиемен қамтамасыз ететін оңтайлы шешімдер қабылдауы тиіс. Ұлттық банк қазіргі ахуалдың өте күрделі екенін ескере отырып, барынша күш жұмсап, тіпті, қажет кезінде тапқырлық көрсетуі керек. Шетелдерде бұған қатысты оң тәжірибелер бар екенін білеміз. Мемлекетіміз кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөліп, басымдық беру жағын қарастырып отыр. Бұл мәселе Жолдаудан да тыс қалмады. Енді қаржы саласына жауаптылар жұмыла іске кіріскені абзал болады. 


Ұқсас тақырыптар