Оңтүстік астанада Алматы қаласының Туризм басқармасы ұйымдастырған V Халықаралық қонақ үй форумы өтті. Халықаралық сарапшылар мен қазақстандық кәсіби мамандар пандемиядан кейінгі кезеңде қонақ үй бизнесінің жұмысы бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Айта кетейік, форум инновацияларды, сондай-ақ қонақ үй индустриясындағы маркетинг, менеджмент және кадр саясаты бойынша білім кешенін қалыптастыру бойынша басты оқиға болды.
- Халықаралық қонақ үй форумы дүниежүзілік коронавирустық індетке дейін тұрақты түрде өткізілетін. Биыл бұл шараға Еуропа, ТМД және Кавказ елдерінен шетелдік қатысушылардың саны өте көп болды. Шетелден келген сарапшылар мен қазақстандық мамандар форум алаңында тиімді диалог құрып, қонақ үй индустриясы саласындағы қазіргі мәселелерді талқылап, қонақжайлылық саласын әрі қарай дамытуға ықпал ететін өзекті, инновациялық шешімдерді ұсынды, - деп атап өтті Алматы қаласының Туризм басқармасы.
Форум пленарлық пікірталастардан тұрды, онда пандемиядан кейінгі кезеңдегі қонақүй бизнесінің трендтері мен шындықтары, қонақүй индустриясының болашағы, сондай-ақ қонақжайлылық саласының сервис және кадрлық әлеуетін дайындау туралы маңызды әрі өзекті блоктар қарастырылды. Сонымен қатар ұйымдастырушылар қатысушыларға арналған тақырыптық шеберлік сабақтарын дайындады. «Жеке қызмет көрсету және шағымдармен жұмыс», «Қонақжайлылық саласындағы коммуникация шеберлігі», сондай-ақ қонақүй қызметтері саласындағы тиімділікті арттыруға ықпал ететін Lean Sigma кайдзен жүйесі туралы сөз етті.
- Грузия еліндегі қонақ үй бизнесі және туризм саласындағы адами капиталды дамытудың негізгі факторы швейцариялық ноу-хауға негізделген кәсіптік білім беру, мемлекеттік-жеке әріптестік, сондай-ақ халықаралық әріптестермен ынтымақтастық болып табылады. Менің ойымша, саланы дамытудың кілті жас мамандарды даярлауда жатыр. Әрине, Қазақстан қонақ үй бизнесінде клиенттерге ұсынатын қызметтің ең жоғары деңгейін көрсетудің зор әлеуетіне ие. Шетелдік туристердің әлеуетін толық ашу және ағынын арттыру үшін осы саланың мамандарын даярлау маңызды, - деп пікір білдірді Ана Абрамишвили, Қонақүй менеджменті институты (HMI) бас директорының орынбасары, Тбилиси, Грузия.
Еске сала кетейік, форумға Франция, БАӘ, Грузия, Пәкістан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстанның қонақ үй бизнесі индустриясы саласының сарапшылары қатысты.