Жетісу облысының төлтаңбасы таныстырылды

1.JPG


Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жетісу облысының жаңа төлтаңбасы таныстырылды. Онда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Болат Керімбек және төлтаңба авторы, ҚР суретшілер Одағының мүшесі Есет Дәуренбаев қатысты. 


Жаңа төлтаңба туралы конкурс шілде айында жарияланған болатын. Бұл ақпарат республикалық сайттарда, облыстық БАҚ беттерінде, жергілікті пабликтерде жарық көрді. Конкурсқа 17 үміткер қатысып,  55 эскиз ұсынған. Үміткерлер қатарында суретші, фотограф, дизайнер, архитектор мамандарымен қатар, қарапайым облыс тұрғындары да болды, - деп атап өтті  Болат Бақбергенұлы. 


Байқауда өңірдің тарихи-мәдени және географиялық ерекшеліктерінің көрсетілуі, жоғары көркемдік деңгейі, бірегей дизайндық шешім, түстердің үйлесімділігі мен геральдика талаптарының сақталуы бағаланған. Ұсынылған әр жұмыс үш кезеңнен тұрған сараптамадан өткен. 13 адамнан құрылған комиссия мүшелері жобамен танысқан соң, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы геральдикалық комиссияның сараптамалық кеңесіне ұсынылған. Жетісу облыстық мәслихат сессиясында депутаттарға ұсынылып, келісім алынды.

14.JPG


Баспасөз мәслихатында байқау жеңімпазы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі  Есет Дәуренбаев қатысушыларға эскиз жобасының аннотациясымен таныстырды.  


Менің ұсынған жобамда Жетісу облысының гербі шеңбер ішінде орналасқан. Мұнда мемлекеттік тудың көк және алтын түсіне негізделіп құрылды. Жобадағы негiзгі нышандардың бірі – шаңырақ, Жетісу жерінің асқарлы, биік тауларын алдық. Сонымен қатар, Талдықорған қаласының символына айналған «Жетісу монументі», Ұлы Жібек Жолының нышаны – керуен көші, жеті өзен, Балқаш, Алакөл көлдерінің айдынын көрсетіп, өңіріміздің ерекшелігін айқындауға тырыстық, - деп атап өтті Есет Жеңісұлы.

6.JPG


Айта кетерлігі Жетісу облысының төлтаңбасын жасап шыққан суретші авторлық еңбегі үшін қаламақы алмаған. Есет Жеңісұлының айтуынша, туып-өскен жеріме деген махаббатым мен патриоттық сезімімді білдіру мақсатында төлтаңбаны салып шықтым дейді ол. Автор сондай-ақ, алдағы уақытта өзге мекемелердің де бұл гербті қолдануына еш қарсылығы жоқ екенін атап өтті.



Ұқсас тақырыптар