Түркия елінің кино тартуы

WhatsApp Image 2022-11-10 at 10.05.34.jpeg

25 қазан Қазақстан Республикасының күні мен 29 қазан Түркия Республикасының күні мерекелерінің қарсаңында Алматы қаласында VII түрік фильмдерінің апталығы өтті. 

Түрік фильмдер апталығының өтуіне Түркия Республикасының мәдениет  және туризм министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және Алматы Басконсулдығы қолдау көрсетті.

Кино апталықтың ашылу салтанатында екі елдің әнұраны айтылып, жас өрендер өнер көрсетті. Сондай-ақ, Түркия елінен бұл шараға арнайы келген кино майталмандары естелік сыйлықтармен марапатталды. 


Түрік фильмдерінің апталығының ұйымдастырушысы, режиссер Өнер Қылыш:


«Қазақ халқының түрік кинолары мен телехикаяларына сүйсініп қарайтыны көңілімізді қуантады. Сол үшін де дәстүр бойынша түрік фильмдерінің апталығында көрермендер назарына жаңа фильмдерді ұсынамыз. Сіздердің риясыз көңілдеріңіздің арқасында түрік апталығының маңыздылығы жыл сайын артып келеді. Біздің бұл шарамыз Қазақстан мен Түркия арасындағы маңызды көпір болуына ықпал ететіні сөзсіз»


«Арман» кинотеатрында “Бедел”, “Қасиетті жекпе-жек”, “Бар болғаныңа шүкір, Ерен”, “Мендегі қаһарман”, “Ақиқат” және “Стамбул сақшылары” фильмдері көрсетілді. 


Көрермендерге 2022 жылдың алғашқы күні жол тартқан “Бар болғаныңа шүкір, Ерен” фильмі болған қайғылы оқиға негізінде түсірілген. Фильм 15 жасында жүздеген адамның өмірін сақтап қалып, Түркияда ұлттық қаһарман атанған жас жігіттің рухына арналған. 

Трабзонның Мачка қаласында дүниеге келген Ерен қарапайым көп балалы отбасының баласы. 2017 жылдың 11 тамызында Эрен ПКК содырларының тобын байқап қалады (PKK лаңкестік ұйымы Түркияның үкіметтік құрылымдары мен азаматтарына қарулы шабуылдар жасайды). Ұйым өкілдері орман алқабында тығылып, қару-жарағын жинап, шабуыл жасамақ болған. Дер кезінде хабар беріп үлгерген Ереннің арқасында олардың арам ойы жүзеге аспайды. Алайда, өкінішке орай, бозбала мен Жандармерия офицері Ферхат Гедик сол сәтте оққа ұшып, ерлік қаза табады. Жүздеген жазықсыз азаматтардың өліміне жол бермей, өздерін құрбан еткен қаһарман азаматтар ел есінде мәңгі сақталды. Бақилық болатынын сезді ме екен, жас өрен Ерен қайғылы оқиғадан бір-екі күн бұрын өзінің Twitter-інде  «Сенің бар болғаның жақсы болды, Ерен!» деп біреуі де айтпайды екен» деп жазба қалдырған. Қайтпас сапарға кеткен бойда бұл сөзді оған ел айта бастады. Бұл сөз ел арасында таралып, әскерде, футбол ойындарында, сәтті операциялар соңында айтыла басталды. Ерен Түркия елінің жас қаһарманына айналды.


Түрік апталығы аясында бұл фильм екі мәрте көрсетіліп, халықтың көңілінен шықты. Фильм соңында көзіне жас алмаған ешбір жан қалмады. Келген қауым ұзақ қол шапалақтап, “Бар болғаныңа шүкір, Ерен” деп айтты.


Бас консул Али Рыза Акынжы дәстүрге айналған кино апталықтың маңыздылығы туралы ерекше атап өтті:

«Қазақстан мен Түркия елдерінің арасындағы ынтымақтастық тарихтан белгілі. Екі бауырлас ел арасындағы байланыс  ешуақытта үзілмеген. Біздің мәдениетіміз, тіліміз, дініміз, тарихымыз ортақ. Осындай мәдени шаралар арқасында біздің достығымыз арта түседі деп сенемін»


Расында да Қазақстан мен Түркия елдері арасындағы құрметке толы байланыс ешуақытта үзілмеген. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойғаннан кейін Қазақстанның мемлекеттік егемендігін мойындаған әлемдегі алғашқы ел Түркия Республикасы болғаны тарих беттерінде мәңгілікке сақталды. Бұл жас қазақ мемлекеті үшін бауырлас ел тарапынан көрсетілген рухани қолдау ғана емес, бірлік пен достықтың белгісі екені сөзсіз. Отыз жылдан асқан ынтымақтастықтың нәтижесінде талай игілікті істер қолға алынып, дипломатиялық қарым-қатынастардан бөлек білім, ғылым, өнер, медицина, құрылыс, бизнес секілді түрлі салаларда жүзеге асырылды.

Киноиндустрия саласында да көптеген жобалар қолға алынды. Түрік фильм апталығы аясында кино актерлер мен режиссерлер Алматыдағы Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясында қонақта болып, екіжақты келіссөздер мен бірлескен кинотуындыларды құру бойынша сұхбаттар жүргізілді. Бұл болашақта екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастар нығая түсуіне ықпал ететін игілікті бастама болатыны хақ.

Дайындаған

Ғазиза Ұзақ

Алматы қаласы



Ұқсас тақырыптар