Ұлттық руханият жанашырына тағзым

637496048ac9c.jpg


Ықылымнан ері қазақ елінің руханиятының қалыптасуына ықпал еткен жандар қаншама?! Бірін білсек, бірінің есімі бізге беймәлім. Алайда сол абзалдардың сүбелі үлесінің арқасында жеріміз сақтап, тұғырымызды биіктетіп, дәстүр-салтымызды ұстанып келеміз. 


Өткен ғасырдың басында болған қилы замандарда халықтың рухын көтеріп, оларды моральдық азғындықтан, сезімдік жадаулықтан сақтайтын тылсым күш бар. Ол – руханият! Қоғамды әлеуметтік-экономикалық құлдыраудан құтқарып, халықтың дүниетанымын кеңейтіп, санасын арттырып, ізгілік үшін белсенділігінен, өзгелерге сүйіспеншілік пен құрметті жоғарылатады. Руханият арқасында ел мерейі өсіп, адамгершілік қасиеттер толасып, мейірімділік кеңінен таралады. Бұл құдірет адамға әдебиет, өнер, халық даналығы, салт, мәдени дәстүрлер, ғылым, білім арқылы келеді


Өнегелі ісімен көпке үлгі бола берген ұлт жанашырының ескерткіші Алатау баурайында бой көтерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішті ашты, деп хабарлады Ақорда сайты.


"Жұртына пайдасы тиетін жұмыстың бәріне Ахаң үлес қосқан. Тіпті, бірқатар саланы өзі бастап берген. Ол қазақтың төл әліпбиін жасады, алғашқы әліппемізді құрастырды. Сондай-ақ оқулық жазып, тіл білімінің негізін қалады. "Қазақ" газетін шығарып, баспасөздің дамуына жол ашты. Арада қанша жыл өтсе де, оның рухани мұрасы жұртының игілігіне жарап келеді. Сол себепті жұртымыз оны "Ұлт ұстазы" деп ардақтайды. Ахмет Байтұрсынұлы – ағартушы-ғалым ретінде бүкіл өркениетті әлемге танымал. Ол халқымыздың тағдыры сынға түскен күрделі кезеңде ерекше ұлтжандылық танытты. Еліміз бүтін, жеріміз тұтас болуы үшін өлшеусіз еңбек сіңірді. Қазаққа қызмет ету жолында бар күш-жігерін жұмсады. Ұлт көшбасшысының өмір жолын елді сүюдің жарқын үлгісі деуге болады. Оның ғибратты ғұмыры – өскелең ұрпақ үшін әрдайым өнеге", – деді мемлекет басшысы. 


Ұлы ұстаздың тұрған үйі бүгінде үлкен мұражайға айналды. Қаланың көрікті мекені саналатын ғимарат айналасы жасыл желекке толы. Кезінде Ахаңның таза ауада серуендеген алаңда енді жас мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов жасаған алып ескерткіш орын тапты. Мүсін композициясы қоладан, тұғыры тұтас күрт гранитінен жасалған ескерткіштің биіктігі – 5 метр. 


Ахмет Байтұрсын ұлыныңтуған мекенінде Торғай өңірінде дүбірлі той ұйымдастырылып, ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ ұйымдары аясында алқалы жиындар өткізілді.  Тау тұлғаның 12 томдық шығармалар жинағы басып шығарылып, таңдамалы еңбектері 4 тілде  жарық көрді.  


Көзінің тірісінде-ақ, қалың қауымның «Руханият жанашыры» деген бағасын ала білген арда азамат қиын кезеңде ел рухын биіктетіп, жігер беріп, қолдау көрсетті. Қазақ руханият әлемінің демеушісі бола білген Ахмет Байтұрсынұлының ғибратты тәлімінің нәтижесінде қоғам белсенділері де ел игілігі үшін ат салысып, қазақтың шалқар байлығы мен рухани қазынасы санатын ана тілімізді сақтауда аянбай тер төкті. Ана тіліміздің алтын тамыры әдебиетімізде екені хақ. Сол үшін ешбір тосқауылдар мен қисық қағидаларға қарамастан қазақ әдебиетіне жанашырлық танытты. Ұлы тұлғалардың ел аузында жүрген мұрасын жарыққа шығаруға мұрындық болып, атадан келе жатқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды кеңінен насихаттады. Ақаң бастаған ұлт зиялылары парасаттық танытып, бұл рухани байлықтың зерттеп, қағазға түсіріп, оны қалың жұртшылыққа жеткізе білгеннің арқасында бүгінде сол мирас Қазақ елінің атын әлемге танытып келе жатыр.


Адамның ғұмырында қаржы, саяхат, басқа да дүниелер табылар. Еңбек жолын қарай, өмір сүру сапасына орай әр түрлі жағдайдар болуы мүмкін. Соқпақты жолдарда талай сынақтар да болар. Бірақ, бұл орайда пенде баласын тек руханият қана құтқара алады. Ал ол бекзаттылық пен кемеңгерлік арқасында ғана, ата мұрасын ұстанғанда ғана, ұлылар салған сара жолды өнеге еткенде ғана болады. Тіл мен дінді сыйлап, азаматтық қасиетін жоғалтпай, ауызбірлікті ту етіп, әділ билікке жүгіне білу - екінің бірінің пешенесіне жазылмайтын абырой. Осы абыройды адамзат атына лайық ұстап, бүтін елді бөліп-жармай бәріне жанашырлық танытқан Ахаңның өз заманында ғана емес, ғасыр өте келе ұрпақ сыйластығына бөлініп жатқаны қуантады Халық арасынан еңсесі көтеріліп, аты шыққан бірегей ардақтыға жасалған бұл тағзым ұзағынан сүйіндірсін!


Дайындаған

Ғазиза Ұзақ

Фотосурет: Ақорда сайты



Ұқсас тақырыптар