13 желтоқсанда алғашқы рет «Жүректен жүрекке» әлеуметтік форумы өтті. Айта кетерлік жайт, бұл шара мерейтойлық күнмен тұспа тұс келіп отыр. Яғни оңтүстік астананың әлеуметтік қызметінің құрылғанына 85 жыл толуына орай өткізілді. Форумды Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырды. Шараға 300-ден астам адам қатысты.
Шара барысында жетекші халықаралық және қазақстандық әлеуметтік сарапшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу және қазақстандық қоғамдағы әлеуметтік қызметкерлердің рөлін нығайту мақсатында Алматыда жүзеге асырылып жатқан табысты жобалармен бөлісті.
Форумның негізгі мақсаты қала тұрғындарының аз қамтылған және әлеуметтік қорғалмаған санаттарын қолдау болып табылатын мемлекеттік және азаматтық институттардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру болды.
– Мемлекеттің әл-ауқаты мен гүлденуі оның қоғамының әл-ауқатына тікелей байланысты екені хақ. Дегенмен, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешудегі ең үлкен нәтижеге «алтын үшбұрыш» деп аталатын тиімді өзара әрекеттесу арқылы қол жеткізіледі. Бұл кезде әлеуметтік тұрақтылық қоғамның, мемлекеттің және бизнестің бірлескен күш-жігерімен қамтамасыз етіледі. Сондықтан форум барысында ҮЕҰ өкілдерімен, кәсіпкерлермен, әлеуметтік қызметкерлермен бірлесіп, әлеуметтік мәселелерді шешудің заманауи тәсілдерін табуға күш-жігерімізді біріктіруге көмектесетін шешімдерді табуға тырыстық, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары А.Нүсіпова.
Сонымен қатар, форумда әлеуметтік бағдарламаларды дамытудың тенденциялары мен дамуы, мүгедектерге және халықтың әлеуметтік осал топтарына қатысты еңбек заңнамасының негіздері, қоғам, мемлекет және бизнес мысалында өзара іс-қимыл мәселелері талқыланып, қоғамдағы әлеуметтік қызметкерлердің рөлі айтылып, әлеуметтік жобаларын жүзеге асырды.
Форум қорытындысы бойынша мүгедектіктің алдын алу және оны ескерту бойынша жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қала инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз ету, ол жандарды қоғамға тарту мақсатында келесі жылы қаланың әр ауданында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Ten Qogam» әлеуметтік қолдау орталығын ашу жоспарлануда.