"МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР" СПЕКТАКЛІ ҚАЗАҚСТАНДЫ АРАЛАЙДЫ

WhatsApp Image 2023-01-16 at 18.11.52.jpeg

Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры әлемдік және қазақ әдебиетінің озық шығармаларын ұлттық тілде сахналап келе жатқан тарихы терең, іргелі ұжым. Жыл сайын репертуарын тағылымды туындылармен толықтырып жүрген театр соңғы уақытта көрермендердің ерекше ықыласына бөленген  «Махаббат, қызық мол жылдар» (авт.: Ә.Нұршайықов, реж.: Ф.Молдағали) спектаклін сахналаған болатын. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әзілхан Нұршайықовтың қаламынан туған шығарма өткен ғасырда-ақ өз оқырмандарын тауып, талай жанның жүрек сырын қозғаса, Фархад Молдағали режиссурасымен сахналанған спектаклі өз көрермендерін тауып, сезім мен сананы селт еткізген таңдаулы туындылар қатарына енді. Туындының әр оқырманында өз «Махаббат қызық мол жылдары» бар. Көз алдына елестетіп, қиялы арқылы қалыптасқан Ерболы мен Меңтайы, Танасы мен Заманы, Майрасы мен Зәйкүлі бар. Мұндай таңдаулы туындылардың екінші авторы атануға көп режиссерлер жүрексінеді. Режиссер батыл да сәтті қадам жасай білген. Нәтижесі – бүгінгі көрермен сұранысы мен жылы лебіздері. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасына сұранып тұрған туынды бүгінгі жастардың болмысымен астасып, қай ғасырда да албырт көңіл, адал достық, балауса сезімнің оқиғасы ұқсас болатынын көрсеткісі келгендей.

Қойылымдағы Зәйкүл, Жомартбек бейнелері де өзінің көрермендерін тапқан. Комедиялық сарындарды сәтті қолданып, өз кейіпкерлерінің болмысын аша түскен олар қасіретті жылдар салған жараларды сездірмеуге, қоғамның соғыстан да қиын аласапыранын осы болмысымен бүркеп, тазалыққа, адалдыққа құштар екенін көрсетуге талпыныс жасайды.

Театр ұжымы аталмыш спектакльмен өткен жылы Ақтау, Жаңаөзен қалаларында екі мыңнан аса көрерменге аншлагпен өнер көрсетіп, батыстың байтақ даласын махаббат жырымен әлдилеген еді. Көрермен сұранысы мен қалауын ескере отырып, театр ұжымы ақпан айынан бастап қазақ театрларының арасынан алғаш рет еліміздің барлық қалаларын қамтитын «СЕЗІМ САПАРЫ» атты ТУР-СПЕКТАКЛІН бастайды. Талай жанның жүрегінен орын алып үлгерген махаббат дастаны дәл сіздің қалаңызда болуы мүмкін. Ендеше, театрсүйер көрермендер мен кәсіби мамандардың жоғары бағасын алған туындының айтулы сапары сәтті болуын, саф өнермен сусындауға асыққан әр көрерменін қуантуын тілейміз. 


Бейбіт Әлкеева  



Ұқсас тақырыптар