Ақпанның 6-на қараған түні Түркияның оңтүстігіндегі Газиантеп қаласының маңында (Сирия шекарасынан 50 шақырым жерде) магнитудасы 7,8 балл болатын жер сілкінісі болды. Түркия мен Сирияның бірнеше қаласында ондаған үй опырылып, 500-ден астам адам қаза тапты.
Магнитудасы 7,8 болатын алғашқы жер сілкінісі таңғы сағат 05:13-те болды. Жалпы Түркияның өзінде 32 дүмпу болған, оның ішінде алтауының магнитудасы 6-дан жоғары. Жер сілкінісі Сирия провинцияларында да болды. Жерасты дүмпулері басқа елдерде, соның ішінде Ливанда және Армения мен Грузия шекарасында да сезілді. Түркияда апаттан 284 адам қаза тауып, тағы 2383 адам жарақат алды. Бұл туралы вице-президент Фуат Октай хабарлады. Сирияда жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 237 адам қаза тауып, 639 адам жарақат алған.
Түркия апатқа байланысты дабылдың ең жоғары деңгейін жариялады. Ал Сирия президенті Башар Асад табиғи апаттан келген шығынды бағалау үшін министрлер кеңесінің шұғыл отырысын шақырды. Жер сілкінісінен Хатай провинциясындағы Топбоғазы ауылында газ құбыры жарылғаны жайлы ақпарат бар.
Mezgil.kz