ЕО-ның Ресейге қарсы санкцияларының оныншы пакеті қосымша экономикалық шараларды қамтымайды, керісінше қазірдің өзінде бар санкцияларды айналып өту саңлауларын жабуға бағытталады. Бұл туралы Politico жазды.
Санкцияның оныншы пакетінде Батыстық елдер осыған дейін қабылданған шектеулерді күшейте түспек. Бірқатар жаңа шектеулер де енгізілуі мүмкін, алайда негізінен бұрынғы санкцияларды айналып өту жолдары жабылатын болады. Ол бойынша жаңа механизмдер қарастырылуда.
«Оныншы санкциялар пакеті қабылданған шектеулердегі олқылықтарды жояды» деп Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Лейен бұған дейін айтқан болатын. Оның айтуынша, санкциялардың оныншы пакеті 10 миллиард еуро көлеміндегі шектеулерді қамтиды.Ол Ресейдің Украинаға басып кіруінің бір жылдығына, яғни 24 ақпанға дейін қабылданады деп жоспарлануда.
Еуропарламент депутаттары 2 ақпандағы қарарында Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін енгізуге шақырып, «Лукойл», «Росатом» сияқты ресейлік компанияларды еуропалық нарықтан шығаруды, Солтүстік ағын-1 және Солтүстік ағын-2 газ құбырларын қолданудан толық бас тартуға шақырды.
Mezgil.kz