Financial Times газетінің хабарлауынша, Ресейдің Украинадағы жаңа ауқымды шабуылы он күн ішінде басталуы мүмкін. Бұл туралы басылым бірқатар елдің барлау қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Басылымның жазуынша, Украина әскерилері Ресейдің ауқымды шабуылды қайта бастау жоспары туралы «өте сенімді ақпарат» алған. Мұндай шабуыл он күн ішінде болуы мүмкін. Басылымның сарапшылары Ресейдің жаңа шабуылының ықтимал орны Луганск облысының батыс бөлігі, өткен күзде қарсы шабуыл кезінде украин әскерлері қайтарып алған Кременная және Лиман қалалары деп санайды. Жергілікті шенеуніктер мен батыстық сарапшылардың пікірінше, Ресей бірнеше аптадан бері осы бағытта күш жинап жатыр.
Бұған дейін Украина әскери барлау офицері Андрей Черняк Ресей президенті Владимир Путин өзінің қарулы күштеріне наурыз айына дейін Донецк және Луганск облыстарын толық басып алуға бұйрық бергенін айтқан еді. Оның ақпаратын жанама түрде Украинаның қорғаныс министрі Алексей Резников растады. «Олар белгілі бір даталарға мән бере отырып өмір сүретінін ескерсек, 24 ақпанда шабуыл жасауы мүмкін деп топшылауға негіз бар», - деді министр француз BFMTV телеарнасына берген сұхбатында.
Mezgil.kz