Түркия да болған кешегі зілзала қабырғамызды қайыстырып кетті. Президенттің бастамасымен бауырлас халыққа көмектесуге құтқару тобы аттанды. Ресми мәлімет бойынша 5606 құрылыс нысаны жермен жексен болған. Біріккен Ұлттар ұйымының Еуропадғы төтенше жағдай жөніндегі елшісінің айтуынша қаза тапқандар саны 20 мыңға жетуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша «зардап құрбандары алғашқы өлгендердің санының 8 есесіндей болады», «адам шығынын азайту үшін бір апта ішінде құтқаруға бар күшті салу маңызды». Қазақ елінің көмегі де дер кезінде жасалып отырғаны соны аңғартады.
Түркияның жер сілкініс ошағы екені белгілі. Соңғы 100 жылда бауырлас елде құрбандар саны 3000-нан асқан, қуаты 7 балдан жоғары 10 жер сілкінісі тіркелген. Мамандар жер сілкінісінің көп болуы жер түзілісіне байланысты дейді. Түркия Араб түбегімен Еуразия құрлығының арасына орналасқан.
Жер бетінде болатын жер сілкінісінің 10 пайызы қума толқын сипатында желілес болады екен. Дүмпу ошағы толассыз туындай беретін мұндай зілзаланың зардабы ауыр болады. Түркияда болған осы жолғы жер сілкінісін де мамандар соған жатқызған. Екі дүмпу ошағының ара қашықтығы 96 шақырым болған.
Әлем елдері қазір «Түркиядағы жағдай бізде де қайталана ма?!» деген сұраққа жауап іздеп отыр. Қытай сейсмологтары: «Түркия – Еуразияның батысына, біз – шығысына орналасқанбыз. Арамыз өте алыс. Әсері бізге жетпеуі мүмкін», - деген пікірде. Ал жер кіндігіне, Орта Азияға орналасқан біздің жағдайымыз нешік?
Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Сеймсологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» серіктестігінің станциялар желісі: «Кеше кешке Шымкентте күші 2-3 балл жер сілкінісі байқалды», - деп хабарлады. Жер сілкінісі Астана уақытымен сағат 19.02-де болған. Магнитудасы 5,4 болатын зілзала кіндігі Шымкенттен ондаған шақырым қашықта, Темірлан ауылының маңында тіркелген. Жер сілкінісінің энергетикалық класы 11,7 болған.
Сеймсологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясының мәліметі бойынша, Темірланда 3 балл төңірегінде тербеліс сезілсе, ал Тараз қаласында да 2 баллдық сілкініс болған. Мұның кешегі қайғылы жер сілкінісі мен байланысы бар ма? Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысы сейсмикалық қауіпті аймақта екені белгілі. Әсіресе тарихта Алматыда қуатты жер сілкіністерінің болғаны жайлы әңгімелер толастаған емес. Тау басындағы бүкіл қаланы шайып кететін алып тоспаларды айтпағанда, Әл Фараби, Желтоқсан көшелерімен Сайран жақтағы каналда тарихтағы алапат дүмпулерден қалған жер жарықтарының бар екені жұртқа белгілі шындық. Ол көшелердің бойында, жағасында бүгінде зәулім тұрғын үйлер бой көтерген.
Арқаны кеңге салмай, қашанда сақтықты күшейтіп, тосын жағдайға қамданып жүргеніміз ләзім.
Mezgil.kz