2023 жылдың екінші тоқсанында Алматыда крематория ашылады, дейді қалалық құрылыс басқармасы. Қазір мәйіт өртейтін орынның 80 пайызы дайын тұр. Тек ТП-10/0,4 кВ және газ құбырының трассасын монтаждау жұмыстары қалған.
Құрылыс басқармасының айтуынша, 2021 жылдың екінші тоқсанында құрылысқа қажетті тауарлар бағасы күрт көтерілді. Сондықтан трансформаторлық қосалқы станцияның сметалық құны өзгерген. Газ құбырының бағыты мен жалғау нүктесі де ауыстырылған.
«Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне өтініш жолданып, жобалық-сметалық құжаттаманы түзетуге келісім алынды. Жобалау ұйымы жобаны түзету жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта жергілікті бюджет комиссиясының хаттамасы бекітілді. Жобалаушылар қорытынды алу үшін құжаттаманы сараптама порталына жүктеді. Сараптама қорытындысы болжам бойынша осы жылдың наурыз айының басында шығады. Содан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты нысанды ашып, пайдалануға беру кейінге шегеріліп отыр. Болжаммен 2023 жылдың екінші тоқсанында ашылады», - деп хабарлады қалалық құрылыс басқармасы.
Алматының Алатау ауданында орналасқан крематория құрылысы «Mega Build Kazakhstan» ЖШС 2021 жылдың қыркүйегінде аяқтауы керек еді. Компания 2020 жылы 21 желтоқсанда крематорий құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын жасауға жарияланған тендерді ұтып алып,1,47 млрд теңгеге келісімге отырады. Бірақ кейін газ тарту жұмыстары жүргізіледі деп 2022 жылдың мамырына созылды. Былтыр қарашада 2023 жылдың бірінші тоқсанында ашылмақ болған. Енді жылдың екінші тоқсанына қалып отыр. Крематорияның екі пеші бар бір залы бар. Құрылыстың жанында зират, ЖЭО-2, өнеркәсіптік кәсіпорындар және 2020 жылы 18 күнде салынған ковид ауруханасы орналасқан.
Жалпы, Қазақстанда крематорий салу аясындағы дау-дамай 1980 жылдан бері жалғасып келеді. 2003 жылы кремациялау жабдықтарын жеткізуші чех компаниясы екі крематорлы пештер әкелмек болды. Осылайша бюджеттен крематория құрылысына қаражат қарастырылды. Бірақ жоба кейінге қалдырылды. Кейін 2012 жылы бұл мәселе тағы да күн тәртібіне енді. Бірақ, діни қызметкерлер крематория салуға қарсылық білдіргендіктен Алматы қаласының құрылыс басқармасы Қазақстанда крематориялар ешқашан салынбайды деп хабарлады.
Осыған қарамастан, 2014 жылы «Жерлеу қызметтерінің арнайы комбинаты» РМҚК өкілдері әкімдік қаулысымен 3 миллион доллар тұратын крематория салу жобасын дайындады. Бірақ бұл жоба да кейінге қалдырылды.
Алайда, 2020 жылға арналған республикалық бюджеттен билік Алматы крематориясына 1,74 млрд.теңге бөлген.
Mezgil.kz