Ресейлік журналист, «Еркін Бурятия» қоры негізін қалаушысының бірі Александра Гармажаповаға қылмыс іс бойынша іздеу жарияланды. Ресей ІІМ іздеу картасында Гармажапованың қандай бап бойынша айыпты екені жазылмаған.
«Еркін Бурятия» қоры Ресейдің Украинаға басқыншылығын сынға алады, буряттардың құқығын қорғап, соғыстан қайтаруға түрткі болады. Сондай-ақ, қор Ресейді отарсыздандыруды, билікті орталықсыздандыру жақтайды, барлық этностардың құқығын қорғаумен айналысады.
Гармажапованың айтуынша, Ресей оны «әскер туралы жалған ақпарат» таратты деп кінәлауы мүмкін. Өткені бұған дейін Кремльшіл «Империя правды» телеграм арнасы солай жазған екен.
2022 жылдың күзінде Александра Гармажапованы Ресейдің «шетелдік агенттер» тізіміне енгізген. Содан соң Роскомнадзор «Еркін Бурятия» сайтын бұғаттап тастаған. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, былтыр Александра Гармажапова мен оның әріптестері буряттардың Қазақстанға келуіне көмектескен.
Ресей Украинаға соғыс бастағаннан кейін, федерация құрамындағы республикалар бас көтере бастады. Биылғы жылдың 31 қаңтарда Еуропарламентте сөз сөйлеген ноғай ұлттық қозғалысының өкілі Әнуар Құрманақаев 500 жыл бойы Ресейдің боданында келе жатқан ноғайлардың тәуелсіздігін алып, Астрахан республикасын құруына көмектесуін сұрады.
«Ноғай Ордасының астанасы Астрахан 500 жыл бойы Ресейдің боданында келеді. Байырғы халық ноғайлардан құралған Астрахан Республикасын құрып, жылдар бойғы езгі мен кедейліктен арылғымыз келеді. Облыс аумағында мұнай мен газ көп өндіріледі, бірақ бәрі Мәскеуге экспортталады. Бұл империяның құлатып, жерді байырғы халықына қайтаратын кез келді», - деген еді Құрманақаев.
Сондай-ақ, ол Ресейдің 5 мың жерлесін соғысқа аттандырып, геноцид жасап отырғанын да айтқан.
7 қаңтарда Стамбұлда тәуелсіз Ингушетия жақтастарының съезі өтіп, «Ингуш Тәуелсіздігі бірлестігі» құрылғаны мәлім болды.
Комитет өкілдерінің айтуынша, бірлестіктің бір мақсаты – ингуш қоғамын бостандық пен тәуелсіздік идеясы төңірегінде шоғырландыру, мәдени және діни бірегейлікті сақтап, тәуелсіз ингуш мемлекетін құрудың негізін қалау.
Украина Жоғарғы Радасының депутаты Алексей Гончаренко Ингушетия тәуелсіздігін жақтаушыларды қолдап, «Ингушетия тәуелсіздік жолында! Бұл өте маңызды оқиға!», - деп жазды.
Қазан айының соңында ойрат-қалмақ халқының Конгресі «Қалмақ Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Декларация қабылдады.
Бұған дейін Варшавада, Прагада және Гданьскіде Ресейдің еркін халықтары форумдары өтті, ал Киевте «Кремль режимінен қысым көрген» этнос өкілдері жиналды. Осылайша Ресейдің Украинаға соғысы федерацияның ішіндегі өзге этностардың рухының оянуына, бостандық үшін күресіне бастап отыр.
Mezgil.kz