Ресей Байқоңырдың халқын соғысқа үгіттеп жатыр. Бұл туралы ҚазТАГ жазыпты.
«Байқоңырдың тұрғындарына Украинаға қарсы соғысу үшін ақша ұсынған», - деп жазады агенттік тілшісі.
Ал қалалық прокуратураның ақпаратында: «Байқоңыр әкімшілігі басшысының 7 ақпан 2023 жылғы № 46 қаулысы бойынша, мобилизацияланған азаматтарға және ерікті түрде соғысқа (Ресей оны «арнайы операция» деп атайды) қатысуға ниет білдірген және әскери қызмет өтеу туралы келісімшартқа отырған Байқоңыр азаматтарына 260 мың рубль көлемінде бір реткі ақшалай төлем қарастырылған», - деп жазылған.
Ресей билігі «мәйітпұлды» алудың жолын да көрсетіпті. Ерікті түрде мобилизацияланған әскери қызметкер немесе оның өкілі бір реткі төлем алуға Байқоңыр әкімшілігінің Халықты әлеуметтік қорғау басқармасына өтініш береді. Өтінішті әкімдіктегілер егжей-тегжейлі қараған соң, бір реткі төлем жасалады. Бірақ, Ресейлік банктің есепшоты болуы шарт.
«Өтініш берген күн мен төлем жасалатын күннің аралығы 20 күннен аспайды. Қаулы Байқоңыр әкімдігінің ресми сайтында жарияланған және күшіне енген», - делінген хабарламада.
Байқоңыр – Қазақстанның қаласы. «Байқоңыр ғарыш айлағының» әкімшілік орталығы. Өкінішке орай, Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағы 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілген. Десе де, Байқоңыр қаласы – Қазақстанның әкімшілік-территориялық бірлігі саналады. Яғни, қала – Қазақстандікі! Алайда, жалға берілген қала. Қала аумағында – «Байқоңыр ғарыш айлағының» нысандары мен айлақ қызметкерлеріне арналған өзге де нысандар бар.
Қазақстан мен Ресей арасындағы 1999 жылдың 19 қаңтарында заңды күшіне енген, 2016 жылдың 26 желтоқсанында өзгертулер енгізілген Байқоңыр қаласының статусы туралы мемлекетаралық құжат бар. Қараңыз:
1 бап: «Байқоңыр қаласының статусы туралы»
1 тармақ: Байқоңыр қаласы жалға берілген Қазақстанның әкімшілік-территориялық бірлігі саналады. Яғни, қала қазақтікі. Ресейге жалға берілген.
МАҢЫЗДЫ: «Байқоңыр ғарыш айлағын» жалға алу кезінде Байқоңыр қаласы Ресей Федерациясының бақылауында болады.
2 тармақ: Қала әкімшілігінің маңдайшасында Қазақстан мен Ресей туралы қатар ілінеді.
2 бап: «Байқоңыр қаласының шекарасы туралы»
2 тармақ: Байқоңыр қаласының шекарасы – Байқоңыр қаласының бас жоспары негізінде анықталды және әкімшілік басқару құқы жүретін аумақтар шегінде деп есептеледі. Яғни, қаланың шекарасы жалға берілгенге дейін қай көлемде болса, сол көлемде сақталады.
3 бап: «Байқоңыр қаласының жерін анықтау және пайдалану құқы туралы»
1 тармақ: Қала аумағына кіретін жерлердің барлығын жалға алушы пайдаланады.
2 тармақ: Қандай да бір категорияларға жататын жерлерді пайдалану құқы – қаланың бас жоспарына сәйкес пайдаланылады. Қаланың кейбір учаскелеріне ерекші режим енгізіледі.
5 бап: «Байқоңыр қаласы тұрғындарының құқы туралы»
1 тармақ: Байқоңыр қаласының тұрғындары – Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының азаматтары болып есептеледі. Ғарыш айлағының қызметкерлері мен олардың отбасылары қала тұрғыны болып есептеледі.
3 тармақ: Қазақстан азаматтарының сайлау құқын шектемеу үшін сайлау процесстері кезінде сайлау учаскелері ұйымдастырылады. Қала аумағында сайлау өткізіледі.
4 тармақ: Қазақстанның басқару органдары өз азаматтарына Байқоңырдан жер үлестіре алады.
6 бап: «Байқоңыр әкімшілігінің басшысын тағайындау туралы»
«Қала әкімшілігі басшысы Қазақстан мен Ресей президенттерінің ортақ келісімімен тағайындалады. Ал қала әкімдігін жалға алу кезінде Ресей Федерациясы жасақтайды», - деп жазылған.
12 бап: «Байқоңыр қаласының бюджеті туралы»
2 тармақ: «Қалалық бюджеттің екі кірісі бар: Бірінші – Ресей Федерациясының бюджетінен бөлінетін қаражат (қалаға). Екіншісі – Қазақстан Республикасының бюджетінен Қазақстан азаматтарына деп бөлінетін қаражат».
22 бап: «Байқоңыр маңындағы аулыдар туралы»
«Төре-Там, Ақай ауылдарының әкімдігі Байқоңыр қаласы әкімдігімен өзара келісім жасай отырып әрекет етеді. Байқоңыр қаласының әкімдігі екі ауыл әкімдігімен келісім жасай отырып, ауыл азаматтарын жұмыспен қамту, медициналық көмек көрсету т.б. әлеуметтік мәселелерін жүзеге асырады», - деп жазылған.
Бұл құжат 26 баптан тұрады. 1995 жылдың 23 желтоқсанында Мәскеуде қабылданған. Оған сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлт ан Назарбаев пен сол кездегі Ресей президенті Борис Ельцин қол қойған.
Байқоңыр қаласында 2020 жылдың есебі бойынша 77 мыңға жуық халық бар. Оның 40 мыңға жуығы – Қазақстан азаматтары! Олардың жағдайы үлкен мәселе. Жалпы бұл Тәуелсіздікке сай келмейді. Бір мемлекеттің ішінде, екінші мемлекеттің осындай аумақтары болуы, ол жерлерде екінші бір мемлекеттің заңдары жүретіні мемлекеттікке қауіпті.
Ал Ресей мен Қазақстан «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алу шартын 2050 жылға дейін ұзартқан. Байқоңыр бізге сор болды! Сорымыз емей немене, Ресейдің құлаған бір зымыраны топырақты 20-30 жылға зақымдап, күйдіріп жібереді екен. Бұл – нағыз экономикалық диверсия!
Mezgil.kz