Былтыр Ресейге батыс санкциясы басталып, экономикалық құрсау қылғындырғанда Кремль тарапы Ресейге «дос емес» елдер тізімін жасаған болатын. Биыл да ресейлік қоғамдық ұйым бұрынғы Кеңес одағының құрамында болған елдерді Украинаны қанға бөктіріп отырған Ресейге «дос» не «жау» деп екі үйекке бөліпті. Әрине, дос емес елдің тізімін демократияға ұмтылған Украина бастаса, Кеңес құрамынан бірінші болып бөлініп шыққан Эстония қатарлы балтық елдері жалғастырған. Ал аталмыш дос елдердің көшін, айтпаса да түсінікті, Белорусь бастапты. Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан алғашқы төртікке еніпті.
Белорусь президенті Лукашенко күні кеше ҰҚШҰ-ның жаңа хатшысы, өзіміздің Тасмағамбетовпен кездесуінде Ресейге адалдығын бұлдағандай, басқа елдер де ойын ойнамай, бір жаққа шығуы керек деп тепсініпті. Басқаның бәрі орыстың арқасында ел болып отырғандай біраз лепіріпті. ҰҚШҰ-да Ресей, Белорусь, Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения бар екені жұртқа мәлім. Тасмағамбетов өз кезегінде ҰҚШҰ-ның биыл Белорусь жерінде үш әскери жаттығу өткізуді жоспарлап отырғанын баяндапты.
Лукашенконың «майдандарыңды айқындаңдар» деген ескертуі Украина мәселесіне байланысты айтылғаны, Путиннің «арнаулы операциясы» басталғалы бері әскери ұйымның Қазақстандағы қаңтар оқиғасы кезіндегідей белсенді әрекет көрсете алмағанын меңзегені белгілі. Өзі де қатаң мәлімдемелер жасағанымен, Украинаға соққы жасауға батпай сөз-зеңбірек атумен ғана шектеліп келеді. Украина батыс шекарадан келетін қауіпті жақсы бағамдап отыр. ҰҚШҰ-дан бұрын қамданып, Белорусьпен шекарасында әскери жаттығу өткізіп жатыр.
Ұйымға мүше елдердің өз ішіндегі және сыртқы қақтығысына қауқар көрсете алмаған ұйым басшылығының аяқ астынан белсеніп Украинаға айбат көрсетеді деу ақылға сыймайды. Кеңес құрамында болып Ресейдің ескі қару қоймасына айналған бұл елдерде дәл қазір Ресейге бере қоятын Ирандікіндей дроны да, Солтүстік Кореянікіндей жаңа оқ-дәрісі де жоқ. Ресей қаруының қауқарсыздығын бүкіл әлем күлкіге айналдырып отыр.
Тасмағамбетов Лукашенконың ұсынысын қабыл алып, мүше елдерді Украинаға тізе қоса қарсы шығуға көндіргенше соғыста аяқталайын деп тұр. Англия Украина ұшқыштарын, Германия танкистерін дайындауға кірісіп кетті. Соні біліп отырған Кремль, атап айтқанда, Лавровтың орынбасары шартсыз келісім туралы айта бастады. Демек олар ең нашар сценарийге дайындалып жатыр деген сөз.
Mezgil.kz