Осыдан бірнеше күш бұрын Беларусь президенті Александр Лукашенко ҰҚШҰ басшысы Иманғали Тасмағамбетовты жеке қабылдап, жекіп сөйлеген еді. Лукашенко: «Бұл соғыстың бізге қатысы жоқ деген позиция дұрыс емес. Бір жағына шығу керек», - деп сөйлеген.
Сөзбе-сөз: «Егер кімде-кім Украина мен Ресей арасындағы қақтығыс біздің қақтығыс емес, бұған біз араласпаймыз деп ойласа, ол ойынан ешнәрсе шықпайды. Белгілі бір ұстанымды қабылдайтын уақыт келеді... Біздің барлық кемшіліктерімізбен бірге әрекет ету үшін, өз саясатымызды, бағытымызды нақты анықтауымыз керек. Біз бірге болсақ, барлығы оңай әрі ұтымдырақ болады», – деді ол.
Белгілі қоғам қайраткері, журналист Арман Шораев Лукашенконың Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт (ҰҚШҰ – ОДКБ) ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовпен кездесуі кезінде айтқан пікіріне жауап қайтарып, былай дейді:
«Біздің еліміздің бұл ұйымнан шығудан басқа амалы қалмады деп ойлаймын. ҰҚШҰ – диктаторлар клубы. Лукашенко Ресейдің тас-талқан болып жеңілетінін, кейін Путин екеуінің сот залында отыратынын түсінеді. Осылайша, ҰҚШҰ хатшысы Иманғали Тасмағамбетовке бұл жағдайда Қазақстанның қалай әрекет етуін түсіндіргісі келеді.
Тыңда, Лукашенко! Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы алдағы 2 жылда тарап кетеді. ҰҚШҰ құрамында аймақ мәселесіне қатысты қақтығысқан елдер бар. Қырғызстан мен Тәжікстанды мысалға келтіруге болады. Армения мен Әзербайжан арасындағы таласта ҰҚШҰ қайда болды? Ештеңе істей алмады. Путин тығылып қалды. Лукашенко, Путин, бірде-бір қазақ баласы сендер үшін қан төгуге бармайды. Лукашенко, Путлер-Гитлер үшін өз балаңды ертіп алып соғысқа бар, қазақтарға тиіспе!».
Ал белгілі кәсіпкер, саясаткер Болат Әбілов: «Кремль Лукашенконың аузымен, Қазақстанды соғысқа араластырғысы келеді», - дейді.
«Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымымен – әзәзілмен келісім ұйымы секілді. Бірде, ресейлік саясатшылар: «Қазақстан ҰҚШҰ-дан шығатын шығар», - деп айтып еді. Өкінішке орай, қазір шыға алмайды. Кремль, Қазақстанды өзімен бірге құрдымға кетірмекші. Лукашенконың сөздерін – Ресейдің агрессиясына қолдау көрсетпей отырған бізді нұқып қалудың, шұқып қалудың амалы деп қабылдасақ дұрыс. «Бейтарап қалып отыру іске аспайды». Лукашенко осы сөзімен, түптің-түбінде Қазақстан соғысқа араласуға мәжбүр болады дегенді айтқысы келді. Ашық айтты. Лукашенконың және Кремльдің позициясы – Қазақстан Ресей жағына шығуы керек. бұл дегеніңіз – Қазақстанды соғысқа ашық араластыру», - дейді.
Mezgil.kz