Күні кешеге дейін Ресей Үндістанға қару-жарақ сатудан басты экспорттаушы болып келді. Алайда бүгін ол рөлінен айырылғанға ұқсайды. «Рособоронэкспорт» Үндістанға соңғы жылдары қару-жарақтың 20 % сатқан. Енді Нью-Дели Ka-226T тікұшақтарын сатып алу жөніндегі келіссөздерді тоқтатып отыр.
Үндістан сонау 2015 жылы құны 1 миллиард доллар болатын 200 Ка-226Т тікұшақтарын сатып алуға келіскен. Бірақ қазір сол үкіметаралық келісімнің болашағы бұлыңғыр тартып тұр. Мәскеуге «бәрі сәтті аяқталады» деп үміттенуге негіз жоқ. Сондай-ақ екі елдің Су-30 МКИ жойғыштарын сату бойынша мәмілесі және Иглa-С портативті зениттік-зымыран кешенінің лицензиялық өндірісін жеткізу мен ұйымдастыру туралы келісімі бар.
Үндістан бұған дейін 144 Су-57 жойғыш ұшағын сатып алуды жоспарлап, Ресеймен келіскен, бірақ кейін үнділер соғыс ұшағын «тым қымбат, нашар жабдықталған, ескі әрі сенім ұялатпайды» деп 2018 жылы бас тартты.
«Әскери ұшақтың эскизін қағазға түсіру бір бөлек. Оны жасап шығарып, іске қосу бір бөлек»,-деп жазды сол күндері үнді баспасөзі. Бұл оқиға Үндістандық әскерилерге әсер етіп, көзқарасын өзгертуге сеп болды. Оларды «Ресей қаруларының сапасы жоғары» деген ойдан алшақтатты.
Үндістан әскери-әуе күштеріне ресейлік Су-57 ұшақтарының орнына француздың «Рафаль» жойғыш ұшақтарын алды. Бағасы қымбат, бірақ өте сапалы.
Үндістан ақпаратына қарағанда, Су-30 МКИ ұшағы да дәл осындай күй кешейін деп тұр. Су-30 МКИ ұшағының орнын қазір Үндістанның Бангалор қаласында «Aero India 2023» көрмесінде ұсынылған шведтік «Saab Gripen-E» ауыстыруы мүмкін. Шведтердің пікірінше, ұшақ өте тиімді, арнайы BVR функциялары (көру диапазонынан тыс) бар, артықшылығы жетерлік.
Үндістанның ресейлік ұшақтар мен тікұшақтарды сатып алудан бас тартуына Ресейдің Украинадағы соғыста жеңіле бастауы, Ресей әуе күштерінің әлсіздігі әсер етті.
Бірақ Ресей өзінің әскери-өнеркәсіп кешенінен шыққан өнімдерін қалай болғанда да сатуға тырысады. Олар Үндістанға Су-30 МКИ ұшақтарын шығаруға арналған жинақтарды ұсынды. Өте арзанға, бар болғаны 1,4 миллиард долларға ұсынып отыр. Бүгінгі Ресейдің халі осындай.
Mezgil.kz