Бүгін 18.00-ден бастап Мәжіліс және мәслихаттар сайлауына түсетін үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын бастайды. Өздеріңізге белгілі, сайлау 19 наурызда өтеді. Орталық сайлау комиссиясы ресми тіркелген 7 партияны да сайлауға жіберді. Сондай-ақ халықаралық бақылаушылар да аккредитациядан өтіп жатыр.
Бұл сайлауға «Аманат» партиясы өзінің 90 адамын партия тізімі бойынша ұсынды. 29 адам сайлауға бірмандаттық жүйе бойынша түспек. Барлығы да ОСК-ның тіркеуінен өтті. Партия құрамындағы әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар 32,2 пайызды құрайды екен. Жалпы партия бұрынғы құрамын 75 пайызға жаңартқан. «Аманат» өткен сайлауда 71,09 пайыз дауыс жинаған соң сайлау жарнасын төлеуден босатылды.
«Ақ жол» партиясынан 54 адам партиялық тізім бойынша тіркелді, мажоритарлық жүйе арқылы 24 адам кандидат ретінде бекітілді. Партияның хабарлауынша, 60 пайыз партия мүшелері өзгерген. Ұсынылған 54 адамның 20-сын партиялық тізімге өңірлердегі филиалдар шығарса, 11 адам бұған дейін Мәжілісте тәжірибе жинақтап үлгерген тұлғалар.
«Ауыл» партиясы алдағы додаға партиялық тізім бойынша 25 адамын бекіткен. Бір мандатты жүйе бойынша 9 кандидат бақ сынайды. ОСК тіркеуінен өткен үміткерлердің 10-ы әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. 2021 жылғы Мәжіліс сайлауында 5,29% дауыс жинаған «Ауыл» партиясы да сайлау жарнасынан босатылды.
«Respublica» партиясы ұсынған 25 үміткердің 23-і тіркеуден өтті. 3 кандидаттың бірі – бірмандатты жүйе бойынша ұсынылған үміткер Сырымбек Тау сайлаудан шеттетілсе, екі үміткер Дархан Иманашев пен Олжас Сұлтанов өз қалауларымен сайлауға қатысудан бас тартқан. ОСК тіркеген партиялық тізімдегі 23 адамның 34,8 пайызы әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар.
«Байтақ» жасылдар партиясы 18 кандидатын ұсынды. 4 кандидат мажоритарлық жүйе бойынша сайлауға қатысады. Оның ішінде партия төрағасы Азаматхан Әміртай бар.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының 19 кандидаты тіркелді. Құрамның 31,6 пайызын әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар құрайды.
ОСК «Халық» партиясының ұсынған 52 үміткерін тіркеді. Оның ішінде әйелдер, жастар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үлесі 32,7%-ті құрайды.
2021 жылы қаңтарда өткен мәжіліс депутаттары сайлауында Халық партиясы сайлаушылар даусының 9,1%-ін алғаны үшін сайлау жарнасын төлеуден босатылды.
Сонымен Мәжіліс сайлауына партиялық тізімдер бойынша 283 үміткер, мажоритарлық жүйе бойынша 609 үміткер бар. Ал бүкіл деңгейдегі мәслихаттар сайлауына 1 471 адам партиялық тізіммен, 11 844 кандидат мажоритарлық жүйе бойынша қатыспақ.
ОСК Мәжіліс және мәслихаттар сайлауын қадағалауға ниетті халықаралық байқаушыларды аккредиттеуді жасғастырып жатыр. ОСК хатшысы Мұхтар Ерманның хабарлауынша, 6 шетелден, 3 халықаралық ұйымнан 72 байқаушы ресми тіркеуден өткен.
Сондай-ақ, Британ Парламенті Ұлыбритания қауымдар Палатасының депутаты Даниэль Кавчинскийді ҚР Парламенті Мәжілісіне сайлауына бақылаушы етіп жіберуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Mezgil.kz