Қырғыз президенті Садыр Жапаров Қырғызстанның барлық экс-президенттерінің басын қосып, кездесу өткізіпті. Бұл туралы Жапаровтың баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев мәлімдеген.
Кездесуге Асқар Ақаев, Құрманбек Бакиев, Роза Отынбаева, Алмазбек Атамбаев, Сооронбай Жээнбеков қатысқан.
Белгілі себептерге байланысты кездесу бейтарап аймақта өткен. Экс-президенттер сол кездесуде бір-біріне деген өкпе-реніштерін кешіргенін мәлімдеген. «Қырғыз ұлтының болашағы үшін күшімізді біріктірейік», - деп келіскен.
Айта кетейік, алдыңғы жылы Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың үстінен қозғалған барлық айыптаулар алынып тасталып, қылмыстық іс тоқтатылды.
Ақаев 16 жыл шетелде «қашып» жүрді. Мәскеуді барып паналады. 2021 жылы 16 жылдан соң еліне оралып, 2 рет сотта куәлік берді. Ол өзінің ел басқарып тұрған кезіндегі қателіктері үшін Қырғызстан халқынан кешірім сұраған. Қазақстанның экс-президентімен құдандалық қатынасы бар Асқар Ақаев 1990 жылдан 2005 жылға дейін Қырғызстан билігінде болды.
Қырғыздың қазіргі президенті Садыр Жапаров: «Ақаев халық алдында бар кінәсі үшін жазасын өтеп болды», - деді.
Ал биыл Ақаев толық ақталды. Бірақ, ол Қырғызстанға қазір оралатын сыңай танытпады. Үй-жайы да, жұмысы да Мәскеуде. «Келіп-кетіп жүремін», - дегендей болды.
Ал өткен аптада Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев та бостандыққа шықты. Тіпті, оған шекараның сызығын аттауға да тыйым салынбады. Ол қамаудан босағаннан кейін едел-жедел Испания аттанып кетті. Мақсаты – емделу үшін.
Ал Қырғызстанның Беларусь барып паналаған тағы бір экс-президенті Құрманбек Бакиев сот алдында куәлік беруге әзір екенін бірнеше мәрте мәлімдеген еді.
Mezgil.kz