«Біз билікке таласып, бірлігімізден айырылдық»

Өткен аптада Қырғыз президенті Садыр Жапаров Қырғызстанның барлық экс-президенттерінің басын қосып, кездесу өткізген еді. Кездесуге Асқар Ақаев, Құрманбек Бакиев, Роза Отынбаева, Алмазбек Атамбаев, Сооронбай Жээнбеков қатысқан. Сол кездесуге қатысты Қырғыз президенті Садыр Жапаров арнайы жазжа зариялапты. Біз Mezgil.kz оқырмандарына аталмыш жазбаны қазақшаға аударып ұсынбақпыз...


a386f3d9-aaf3-479e-b8b2-2f107ca0ac7b.jpeg


Садыр Жапаров:


Көкіректі кернеген арман орындалды. Еліміздің мәңгілік ынтымағы үшін бұрынғы президенттердің басын қосып, бір үстелге жинадым.


Жаһанданудың қазіргі дәуірінде ішкі тұрақтылыққа, ұлттық келісімге ұмтылған елдер ғана даму жолына түсіп, қуатты мемлекетке айналады. Ұлы империялар құрып, Еуразия кеңістігін алып жатқан ежелгі қырғыз халқының бүгінгі жағдайы қандай? Біз билікке таласып, бірлігімізден айырылып, бұрынғы империямызды жоғалтып, Орталық Азияның бір түкпірінде қалып бара жатқандаймыз.


Иә, тәуелсіз елміз, бірақ даму жолында неліктен кеш қалып келеміз? Сауал таусылмайды. Қазір солтүстік-оңтүстік болып бөлінгеніміз аздай, жеті облыс жеті президентті бөлініп жақтап жүр. Егер біз қасиетті Қырғызстанның болашағын ойласақ, «Ақаевшы», «Бакиевші», «Атамбаевшы», «Отунбаевашы», «Жээнбековші» дегендерді жоюымыз керек. Бәрінің басын біріктіріп, Қырғызстанның келешегін ойлауымыз керек.


О баста ел сайлап, бірақ қызметін жайсыз аяқтаған президенттердің басын қоссам, бәлкім, еліміз қайта жұдырықтай жұмылып, ынтымағы жарасар ма еді деген ой көптен көңілімде жүрді. Өйткені, халқымызда «Сұлтанның сүйегін қорламайды» деген сөз бар ғой. Көңілге тыныштық бермеген игі ойды іске асыруға бел буып, ел басқарған президенттердің басын қостым. Алдына ас қойдым. Ұлт болашағы үшін бұрынғы мемлекет басшылары өткендерін ұмытып, бір жұдырықтай жұмылу бастамасын қолдады.


Әрине, бірінен соң бірі келген бұрынғы мемлекет басшылары ашу қысып, айтысты. Реніштерін төкті. Олар өз кемшіліктерін мойындады. Ең бастысы, олар бір-бірін кешіре білді. Менің де мақсатым сол еді. Менің арманым – әр президенттің жақтастары, жеті облысымыздың халқы бір бағытқа жұмылып, саясатты қоя тұрып, экономиканы, ұлтты бір деммен дамытса деген ой еді.


Иә, жалпы халық көзімен қарасақ, олардың әрқайсысы саясатта қателік жіберді, қайғылы оқиғалар қантөгіске ұласты. Ақаев кезіндегі Ақсы оқиғасы, Бакиев кезіндегі сәуір оқиғасы, Уақытша үкімет кезіндегі маусым трагедиясы, Жээнбеков кезіндегі қазан оқиғасы, өкінішке орай, қырғыз тарихында қара әріппен жазылды. Осылайша қырғыздың талай жастарынан – ұлдарымыздан айырылдық. Мен олардың туыстары мен достарының ренішін білемін.


Құрметті жерлестер, қадірлі азаматтар!


Бабаларымыз «әкеңді өлтіргенге шешеңді бер» деген. Ислам дінінің амалдарына көз жүгіртсек, кешірімді болу – үлкен дәстүр екенін аңғарамыз. Сабыр етіп, шыдамдылықпен күтіп, сапарымызды жалғастырайық. Егемендiгiмiздi, тәуелсiздiгiмiздi нығайтып, дамуға барлық мүмкiндiгi бар Қырғызстанды алға сүйрейміз десек, өткен күнгі кекті, арыз-шағымды тастайық. Қырғыз азаматтары бірігіңіздер! «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» алға ұмтылайық! 5-10 жылдық өмірімізді емес, Қырғызстанның мәңгілік мүддесін ойлайық.


Менің алдымда отырған мемлекет басшыларының ешқайсысына жақтаспаймын да, кектенбеймін де. Осыны баса айтқым келеді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар