20 ақпанда АҚШ президенті Джо Байден Киевке келді. Оның 20-22 ақпанда Польшаға сапарлайтыны ресми хабарланған, бірақ Украинаға баратыны туралы ешқандай мәлімет берілмеген болатын.
Америка президентін Украина басшысы Владимир Зеленский қарсы алып, олар соғыс құрбандарына арналған әскери мемориалға барды.
Байден Украина халқының бір ту астында жиналып, елін қорғап жатқан ерлігіне тәнті екенін жеткізді. «Киев менің жүрегімді жаулады. Соғысқа бір жыл болды. Киев әлі орнында тұр. Украина да орнында, демократия да орнында», - деді ол.
Сондай-ақ, АҚШ-тың Украинаға көмекке 500 млн доллар бөлетінін және қолдауын ешқашан тоқтатпайтынын айтты.
«Путин Украинаны әлсіз деп ойлады, біздің бірігетінімізге сенбеді. НАТО бірлігін сақтай алмады деп ойлады. Басқа елдердің Украина жағына шығатынын күтпеді. Алдымызды орап кетемін деп ойлады. Ол қатты қателесті. Басқыншылық соғысын іске асыра алмады», - деді Байден.
«Ресей бұл соғыста жеңіске жете алмайды», - деді Зеленский отырыста.
Киевке америкалық артиллериялық оқ-дәрілер, снарядтар, әуе бақылау радарлары жеткізіледі деп күтілуде. Бірақ Украина әскеріне ең қажетті жойғыш ұшақтар берілуі екіталай. Бұған дейін Ақ үй Украинаға әскери авиация өнімдерін жіберу жоспарында жоқ екенін бірнеше рет хабарлаған.
Байден Вашингтонның Ресей соғысын қолдайтын бірқатар компаниялар мен элита өкілдеріне санкция жарияланғанын атап өтті. Бұл Байденнің соғыс басталғалы бергі Украинаға алғаш рет баруы. Сарапшылар мұны бүгінгі Путиннің федералды жиналыс жасайтын күніне орайластырылған әрекет – «голливудтық символизм» деп баға беріпті.
«Байден мен Зеленский екі ай бұрын ғана Вашингтонда кездескен болатын. Осы уақыт аралығында олар тағы жолығып талқылайтындай маңызды мәселе шыққан жоқ. АҚШ-тың нақты беретін көмегі туралы Польшадағы отырыста ресми айтылады.
Байден осыдан бір жыл бұрын Путиннің Киевті үш күнде аламын деп жар салған күніне тура келіп тұр. Әрі еуропалық даму жолын таңдаймыз деп құрбан болған украин әскерлерінің мемориалына бас сұқты. Путинге «арнайы операция жоспарлы түрде жүріп жатыр» деп айта ғой, ал біз мына жақта жақсылап тұрып күліп алайық деген белгі тастап бара жатқандай», - депті BBC сарапшылары.
Mezgil.kz