Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының бастығы Кирилл Будановтың бет-жүзі бүгінде әлем жұртына әйдік бола бастады.
Былтыр Кирилл Будановтың жұмыс бөлмесіндегі Ресей картасы әлемдік БАҚ-тың қызу талқысына түскен еді. Онда Ресейдің бірнеше бөлікке бөлінгені бейнеленген.
Кирилл Буданов бар болғаны 37 жаста. Шені - генерал-майор. Одессадағы құрлық әскери институтының түлегі. Украина соғысындағы маңызды фигуралардың бірі. 2014 жылы Украинаның шығысында басқыншыларға қарсы соғысқа қатысқан. 2019 жылы оған қастандық жасалған. Көлігін жарып жіберген. 2020 жылдан бері Украинаның бас барлаушысы.
Журналистерге сұхбат берген Буданов: «Украина Қырымды және барлық территорияларын қайтарады. Ол үшін күштің көмегіне де жүгінеміз, дипломатияны да іске қосамыз. Екеуін қатар қолданамыз», - деген еді.
Жуырда журналистер Будановтан тағы да сұхбат ала барыпты (Forbes тілшілері). Сөйтсе, әлгі ілініп тұрған Ресей картасы Будановтың үстелінде жатыр екен. Ресейдің бөлшектенгені бейнеленген карта неліктен үстел үстінде жатқанын сұраған тілшілерге: «Енді біз оны кесе бастаймыз», - деп жауап беріпті.
Бұған дейін Будановтан тілшілер: «Украинаның 1991 жылғы территорияларын қайтарғаннан кейінгі мақсаты Ресейді бөшектеу ме?», - деп сұраған. Ол кезде Буданов: «Бұл картадан әркім өзі көргісі келгенді көреді», - деп жауап берген еді.
Mezgil.kz