Қазақстан сеператистерді кешіре бере ме?

Ақмола облысы Атбасар қаласының тұрғыны Артем Абрамов «чат-рулетка» әлеуметтік желісінде отырып, Қазақстанның Ресейге қосылғанын қалайтынын айтқан. Алайда Ақмола облысының полициясы бұған қатысты «ешқандай қылмысты көріп тұрмағанын мәлімдеген». Бұл туралы Қазтаг жазды.

fa4618d52938fe08847d4c864c6ea028.jpeg

«Онымен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді, қылмыстық әрекет белгісі табылған жоқ», - деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Атбасар тұрғыны Артем Абрамов «чат-рулеткада» отырып, Қазақстанның Ресейге қосылғанын қалайтынын, егер Ресей Қазақстанда Украинадағыдай «арнайы операция» жүргізсе, қолына қару алып, Ресей жағында соғысуға дайын екенін айтқан. Кейін Абрамов осы сөздері үшін кешірім сұраған видеосы жарияланды.


Естеріңізде болса, бұған дейін Ақмола облысы Жарқайың ауданы Державинск қаласының тұрғыны Руслан Елфимов те тура осындай арандатушылық мәлімдеме жасаған. Ол Ресей Қазақстанның Солтүстік аумағын тартып алса қуанатынын жеткізген. Сондай-ақ Қазақстан азаматы екенін жасырмаған.


«Бұл факт (ақмолалық туралы – ҚазТАГ) Жарқайың аудандық полиция бөлімінің ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген», - деп хабарлаған құқық қорғау органдары сол кезде.


2022 жылдың қазан айында әлеуметтік желілерде Ақмола облысының Шортанды кентінің тұрғыны өзін «коллаборант» деп мәлімдеген видео пайда болды. Бұл бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола Департаменті (ҰҚКД) ҚР ҚК 180-бабы (Сепаратистік қызмет) бойынша қылмыстық іс қозғады.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар